КӘСІПТІК БІЛІМ КЕҢІСТІГІ

56

0

Өткен сенбіде облыс орталығындағы Абылай хан атындағы колледжде «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатына аймақтық іріктеу байқауының жабылу салтанаты болып өтті. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары,  байқауды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Руслан Рүстемов қатысты. 
Елбасының биылғы Жолдауында жас ұрпақты жаңа дәуірдің талабына дайындау мақсатында оларға тегін кәсіптік білім беру бастамасы көтерілген болатын. Бүгінгі таңда осы мақсатқа сай еліміздің білім беру жүйесінде арнайы шаралар қабылданып, жүзеге асырыла бастады. 
Жасөспірімдерді жаратылыстану және технология мамандықтарына даярлап, қоғамда кәсіби деңгейі жоғары  қарапайым жұмысшы мамандығына деген құрметті қалыптастыру бағытында түрлі байқаулар ұйымдастырылып келеді. Соның бір айғағы, соңғы жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионаты дәстүрлі түрде өткізіліп отыр. Аталған шараға аймақтық іріктеу байқауларының жеңімпаздары қатысады. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың нау¬рыз айында өткізілген іріктеу байқауында облыс орталығындағы бірнеше арнаулы оқу орындарының базасында «Дәнекерлеу технологиясы», «Сантехника және жылыту», «Киімдер дизайны және модельдеу», «Желілік және жүйелік басқару», «Электромонтаж» және т.б мамандықтар бойынша кәсіптік байқаулар өткізілді. Жалпы саны 11 мамандық түрінен 75 білім алушы қатысып, жеңімпаздар анықталып, 8 кәсіп бойынша республикалық кезеңге жолдамалар алды. 
Салтанатты жиында сөз алған Руслан Рүстемұлы шараға қатысушы жастарға Мемлекет басшысының кәсіби білім беру бағытындағы ұсынып отырған зор мүмкіндігін тиімді пайдаланып, мамандық таңдауға мән беріп, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту қажет екенін айтты. Қандай бір мамандықты таңдағанмен, ең бастысы адамгершілік құндылықтың жоғары болуы тиіс екенін атап өтті. 
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ә.Ерсұлтанов, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қ.Ілиясов, «ИНТЕГРОСТРОЙ» ЖШС өндірістік техникалық бөлім инженері Н.Жанәбіл, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, жас¬тар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Меңлібаев аймақтық іріктеу байқауында 11 кәсіп бойынша бақтарын сынап, 8 кәсіп түрінен республикалық кезеңге жолдама алған жеңімпаздарды марапаттады.  
Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз