Әлемді мойындатқан шағын мемлекет ЭКСПО-да өз павильонын ашты

54

0

Әлемді мойындатқан шағын мемлекет ЭКСПО-да өз павильонын аштыКеше жаһанды өзінің заманауи технологиясымен мойындатқан шағын қала-мемлекет Сингапур «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі өз павильонын салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Маңызды жиынға Сингапур парламентінің төрайымы Халима Якоб, аталмыш ел павильонының комиссары Вонг Тун Джонга, ҚР Парламент Сенатының орынбасары Бектас Бекназаров, Сыртқы істер вице-министрі Ақылбек Камалдинов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов және тағы басқа шетелдік қонақтар қатысты.
Сингапур павильонының тақырыбы – «Үлкен идеялардың шағын қаласы». Жалпы көрме 2 қабаттан тұрады. Мұнда экожүйені құру жөніндегі мемлекеттің тың жобалары қойылған. Террариум үлгісінде жасалған павильонда тұрақты энергетика саласындағы әртүрлі идеялар мен инновациялық жобалар көрсетілді.
Солардың бірі – қалалық күн энергиясын дамыту жобасы. Сингапурда күн радиациясының орташа жылдық тығыздығы жоғары. Ол – 1 500 кВтсағ/м2 құрайды. Сондықтан аталмыш елдің ғалымдары күн энергиясын ең тиімді баламалы энергия көзін ретінде пайдалануда. Сондай-ақ, олар осы салада жаңа жобаларды қолға алмақ. Мысалы, 2020 жылы Сингапур күн энергиясы қуатын ең жоғары 1 Гвт-қа дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Осы орайда Халима Якоб Сингапурдың шағын мемлекет болса да, алдына жоғары мақсаттарын қоятындығын атап өтті.
«Сингапур – шағын мемлекет. Оның негізгі байлығы – адам ресурстары. Мемлекетіміз көрме қонақтарының назарына ең жаңа технологияларды ұсынады. Ол – қуатты аз тұтынатын үйлер, биік ғимараттарға тігінен өрілетін жылыжайлар, су қоймаларында қолдануға арналған жүзетін батереялар. Біздің тәжірибеміз Қазақстанды және осы аймақтағы елдерді қызықтырады деп ойлаймыз», – деді ол.
Сонымен қатар аталмыш елдің парламент төрайымы «Нұр Әлем» павильонындағы отандық жобалармен танысқандығын атап өтті.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келе салысымен Қазақстан павильонымен таныстық. Бұл – көрменің жұмысы өте маңызды. Себебі, павильондағы жобалар өскелең ұрпақты ынталандырады. Өз павильоны арқылы Қазақстан да, басқа да мемлекеттер Сингапурдың тәжірибесімен бөлісе алады. Өз кезегінде біздің еліміз Қазақстанға және өзге де мемлекеттерге өз білгенімен бөлісуге дайын», – деді Халима Якоб.
Жер ауданының шағындығына қарамастан Сингапур 2016 жылы «Экологиялық тиімділік индексі» бойынша Азия мемлекеттерінің ішінде 1-орынды иеленді. Бұл – қала-мемлекеттің «жасыл экономиканы» саласында жеткен жетістігінің бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта Сингапур үкіметі «SolarNova» бағдарламасы арқылы күн экожүйесін құруға және күн энергиясын пайдалану қарқынын арттыруды мақсат тұтуда.
Қазірдің өзінде қала-мемлекетте 8 үкіметтік ғимарат пен 831 тұрғын үй ғимараты күн энергиясынан қуат алады.
Сондай-ақ, Сингапур павильонына келген қонақтар өз тілектерін ақ қағазға түсіріп, естелік ретінде сонда қалдыра алады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз