Әлемдік нарыққа ашылған терезе

48

0

Әлемдік нарыққа ашылған терезеСонымен, Қазақстан
Дүниежүзілік сауда ұйымының табалдырығынан аттағалы тұр. Аcығыс, атүсті шешім
емес, еліміздің бұл ұйымға мүше болу туралы келіссөз жүргізгеніне 20 жылға жуықтады.
Жүз ойланып, мың толғанатын, бүге-шүгесіне дейін зерттеп, зерделейтін уақытымыз
болды, демек. Сөйтсе де, «мүйізі қарағайдай мемлекеттермен иық тіресе жүріп,
алыс-беріс жасауға біз қаншалықты дайынбыз, әрі бұл қаншалықты тиімді болмақ?»
– деген секілді сауалдардың туындауы заңды. «Бір одақтың жұмысын жүйелеп алмай
жатып, екінші бір ұйымға мүше болғанымыз бізді ұшпаққа шығара қоя ма?»
дейтіндердің де алаңын түсінуге болатындай. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны
секілді, кез келген шешімнің тиімді тұсымен қатар, қаупі де болмай тұрмайтыны
анық. Неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Әзірге, жіпке тізгендей етіп талдап,
таразылап беретін сауатты сараптамадан гөрі, тұспал көп, сәуегейлік басымдау
секілді. Өйткені, ұйымға мүше болу шарттары толық жария болып үлгерген жоқ
әлі. Шілде айының басында Ұлттық
кәсіпкерлер палатасында ҚР Экономикалық интеграция жөніндегі министрі Жанар Айтжанова барлық талап-шарттар
туралы егжей-тегжейлі баяндамақ.

Бұйырса, еліміз
аталған ұйымының 162-мүшесі болып биылғы жылғы 15-18 желтоқсанда Кенияда өтетін
ДСҰ-ның министрлік конференциясында ресми түрде қабылданатын болады. Әйтеуір,
астындағы аты пысқырса да Алладан рахым, Пайғамбардан шапағат тілеп, тәубесін
айтып отыратын халқымыздың бұл жолғы тәуекелі бұрынғыдан өзгерек екені анық. ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерге соңғы
нүкте қойылған күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев:«Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің
экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды» деді. Президенттің айтуынша, бұл
қадам кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етіп, тұтынушылар
үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады.

Әдетте ұйымға мүше
мемлекеттердің бағыты ортақ болғанмен, мүдделері әрқилы келеді. Әрбір ел өз
мемлекетінің мүддесі тұрғысынан әрекет ететіні айтпаса да түсінікті.
Қазақстанның бұл ұйымға мүше болуының ұзаққа созылуы да осы мүдделердің кей
жерде тоғыспай жатуынан болса керек. Келіссөздердің басы-қасында жүрген
атқамінерлер Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың
талаптарын ұштастыра отырып, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жол
тапқанын айтады. Бастысы, ұлттық мүддемізге нұқсан келмеуін назарда ұстағанына
сендіреді.

Мүдде демекші, күні ертең
елімізге шетелдік тауар жаппай әкеліне бастағанда отандық кәсіпкерлер бәсекеге
төтеп бере алмай, жағаға шығып қалмауы тиіс. Үкімет жергілікті тауар
өндірушілерді ұйым талаптарына томпақ келмейтіндей етіп қолдау білдіру үшін
қазірден бастап қам жасауы керек. Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының
басқарма төрағасының орынбасары Рахым
Ошақбаевтың
айтуынша, бұл тұрғыда ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің тәжірибесін
тыңғылықты зерттеуіміз қажет. «Халықаралық келісімдерге қайшы келмейтін болса,
Ресейдегі отандық тауар өндірушілерді қолдау тәжірибесін негізге алуымызға
болады» дейді ол. Көрші елде сатып алулар бірінші кезекте отандық тауар
өндірушілердің мүддесін көздейтінін айта кеткен ләзім.

Ресей рублінің құнсыздануы
мен мұнай бағасының қысқа күнде қырық құбылуы біздің кәсіпкерлер үшін оңай
тимегені рас. Ресейден тасымалданып жатқан арзан тауар бәсекесіне жергілікті
тауар өндірушілердің бірқатары төтеп бере алмай, шаруасын шатқаяқтатып алды.
Әлемдік сауда ұйымының табалдырығын аттағанда осы жағдай қайталанбауы тиіс,
қысқасы.

Мемлекет басшысы да осы
жайтты әуел бастан ескертіп отыр. «Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек.
Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға
көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол
тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап
қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным
сондықтан: бәсекеге сай болу керек» –дейді Президент.

Сайып келгенде,
Дүниежүзілік сауда ұйымы біздің кәсіпкерлер үшін көтере алмас шоқпар болмауы
тиіс. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым
Ошақбаевтың айтуынша, халықаралық ұйымға мүше болудың біз үшін артықшылықтары
көп. Бүгінде еліміздегі алыс-берістің
90 пайызы Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен жүргізіліп отыр.
Осыған орай, алда-жалда сауда-саттыққа қатысты қандай да бір кикілжіңдер
туындайтын болса, қазақстандық компаниялар халықаралық институттардың көмегіне
жүгіне алатын болады. «ДСҰ-ға мүше болу арқылы халықаралық қауымдастық алдында
біз жалпыға ортақ, өркениетті сауда ережелерін сақтайтынымызды паш етеміз. Бұл
өз кезегінде бізге деген сенімді нығайтып, шетелдік инвесторларды көптеп
тартуға ықпал ететін болады» – дейді ҰКП төраға орынбасары.

Расында,
қазірде Қазақстанмен әріптестік байланыс орнатуға бейіл мемлекеттер жетерлік.
Елде жаңа өндіріс орындарын салу үшін инвестиция құюға ниетті алпауыттар бар.
ДСҰ-ға мүше болуымыз осындай жобалардың іске асуына мұрындық болмақ. Мәселен,
алю­ми­ний зауытын, мұнай қайта өң­деу зауытын, атом станса­ла­рын, ма­шина
жасау, құрастыру зауыт­тарын салуға мүмкіндік туады.

Сарапшы
мамандардың айтуына сенсек, ДСҰ-ға кіруіміз қарапайым бұқара үшін тиімді болады.
Өйткені, тауар бағасы едәуір арзандайды. Базардағы нарықтың үйдегі көңіл-күйді
билейтінін ескерсек, бұл халқымыз үшін жағымды жаңалық болып отырғаны сөзсіз.

«Әзірге
нақты белгілісі, 3171 тауарға кедендік төлем мөлшерлемесі ортақ кедендік
тарифтен анағұрлым төмен болуы тиіс. Бұл негізінен, жеңіл, тамақ,
фармацевтикалық өндіріс тауарлары, қара металл, көлік жабдықтары, ұшу аппараттары
және т.б өндірістік тауарлар» – дейді Р.Ошақбаев. Оның айтуынша, аталған
тауарларға баж салығының нақты мөлшері қанша болатыны әлі белгісіз.

Атап өтерлігі, ДСҰ
ережелері Еуразиялық экономикалық одақ шарттарына қайшы келмеуі мұқият
қадағалануы керек. Әсіресе, сауда ұйымына мүше мемлекеттерден әкелінетін арзан
тауардың Белорусь пен Ресей елдеріне реэкспортталуына жол берілмеуі тиіс.

Бір жағынан, құдай қосқан
қоңсымыз Ресейдегі жағдай Қазақстан үшін де күрделі болып тұрғаны рас. Ресейге
қатысты экономикалық санкциялар біздің елге де салқынын тигізеді. Осындай
аумалы-төкпелі тұста әлемдік нарыққа қадам басқанымыз еліміз үшін тиімді болып
отырғаны даусыз. Қысқасы, әлемдік тауар айналымында елеулі орынға ие ұйымға
мүше болып, дамыған елдермен тең құқықтық дәрежеде алыс-беріс жасауға біз қай
қырынан алғанда да мүдделіміз. Тек бізге дейін мүшелікке қабылданған көрші
елдердің қателіктерін қайталамас үшін, олардың іс тәжірибесінен сабақ ала
білген жөн.

Президент Н.Назарбаев: «ДСҰ
беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл
Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын
аламыз деп кәміл сенемін» деген болатын. Шынтуайтында, бұл Қазақстанға берілген
үлкен мүмкіндік болып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз