
Күншуаққа көңіл зар…
Жүрегімнен бүр жарған,
Өлеңімде – өмір бар, – деп жырлаған жалағаштық ақын Қуат Адистің өлеңдері мыңдаған жүрекке жылу сыйлап келеді.
Ақын Қуат бүгінде әдеби ортада өзіне тән болмыс-бедерімен танылған дарынды жан. Оның дәлелі сонау Тұманды Альбионды мойындатуы. Ақындығы, жазушылығы, журналистігімен қатар балаларға арналған өлеңдері мен шығармалары жас буынның санасында сайрайды.

Әкім орынбасарының сөзінің жаны бар. Жалағаш ауданында соңғы бір айдың ішінде 6 ақынның жеке шығармашылық кеші өткізілген екен. Шынтуайтына келгенде, облыста жергілікті ақындарға мұндай қамқорлық көрсетіп отырған аудандар бірен-сараң. Бұл ретте, аудан әкімдігінің жауапты басшылары шығармашыл жандардың рухани өрлеуіне септігін тигізіп келеді.

Кеш барысында «Сыр Медиа» ЖШС директорының орынбасары Марат Аралбаев, журналистика мен ақындықты ұштастырған дарынды азаматтың сыйлас, сырлас һәм әріптес ретіндегі орны біз үшін ерекше деді.
«Аудандық басылымда еңбек етсе де республикаға танымал ақын азаматты арда тұтамыз. Шығармашылық жолыңыз өрістей берсін, қаламыңыздан туған әрбір жыр жолдары оқырмандарыңызды бөлей берсін», – деді. Сонымен қатар, ақын шығармашылығына елімізге белгілі бірқатар көрнекті тұлғалар бейнеүндеу арқылы жақсы бағасын беріп, пікірлерін білдірді. Кеш барысында әуелете әндер шырқалып, ақын өлеңдері оқылды.
Аға буын ақындардың ізін жалғастырып, салып кеткен сүрлеу жолымен келе жатқан, ұлт руханиятына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қуат Адисұлының орамды ойлары мен шабытты жырлары, өзіндік өнерімен қазақ поэзиясында қолтаңбасын қалдырары хақ.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!