Әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының деңгейі айқындалды

52

0

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының деңгейі айқындалдыМедициналық сақтандыру жарналарын мемлекет жүзеге асыратын азаматтардың жаңа санаттарын енгізу қарастырылып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша заң жобасымен мөлшерлемелерді және аударымдар мен жарналарды есептеу нысандарын өзгерту, сондай-ақ төлеушілердің жаңа санаттарын, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын жаңа адамдардың санаттарын  енгізу, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жүйесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында түзетулер қарастырылып отыр»,-деп тоқталды Ақтаева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, елдегі макроэкономикалық жағдайға байланысты, сонымен бірге жұмыс берушілерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жұмыс берушілердің аударымдарының деңгейін төмендету, жеке кәсіпкер жарналарының мөлшерін бекіту ұсыныстарын енгізген болатын.
Осы орайда вице-министр мемлекеттің Қорға төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан 3,75 пайыз деңгейінде, 2019 жылы 1 қаңтардан 4 пайыз мөлшерінде  ұсынылатынын атап өтті.
Сонымен қатар 2022 жылдың 1 қаңтарынан мемлекет жарнасының көлемі жыл сайын республикалық бюджет туралы заңымен тиісті қаржылық жылға бекітілетін болады.
Жұмыс берушілердің сақтандыру аударымдары 2017 жылғы 1 шілдеден бастап – 1 пайыз, ал 2018 жылғы 1 қаңтардан – 1,5 пайыз, 2020 жылдың қаңтарынан – 2 пайыз, ал 2022 жылдың қаңтарынан 3 пайыз болуы ескерілген.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жарналары ең төменгі жалақыдан 5 пайызды  құрайды
Оның айтуынша, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жарналардың мемлекет төлейтін адамдар санатын кеңейту  ұсынылады. Бұл ретте жұмыс істемейтін 18 жасқа дейін мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын азаматтар, жұмыс істемейтін оралмандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, орта техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары білімнен кейін білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдар қамтылып отыр.
Сонымен қатар әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету тетігі ретке келтірілді.
 
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз