Ілкімді жобалар ілгерілетеді

40

0

Бүгін облысқа жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиев және облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ әлеуетін көтеруге бағытталған бірқатар жобаның таныстырылымына қатысты. 
Олардың қатарында мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының 2015-2017 жылдары жүзеге асырылуы, Қызылорда қаласының жылумен және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, сонымен қатар елді мекендерді газдандыруға қатысты жобалар бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ауызсу жүйелерін жаңғыртуға арналған 5 жобаның құрылысы басталды. 
Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында қолға алынған жобаларға 5 723,8 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 386,8 шақырым су құбырлары қайта жаңартылады. Биыл Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында су жүйелерін қайта жаңарту үшін 36 жобаны жүзеге асыруға 5 787,0 млн теңге бөлінді. Жұмыс 2018 жылдың соңына қарай аяқталып, 401,6 шақырым су жүйелері қайта жаңартылмақ. 
Мәртебелі меймандар сондай-ақ облыс орталығын жылумен қамту бағытындағы жобалармен танысты. 2016-2017 жылдары ұзындығы 11,86 шақырым болатын жылу жүйелерін жаңғырту жоспарланған. Қызылорда газ турбинасының электр стансасындағы екі газ турбинасын жөндеу электр энергиясын шығару көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы құны 37,3 млн долларды құрайтын жобаның бір бөлігін Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. 
Аймақтағы әлеуметтік нысандар және тұрғын үй құрылысында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде меймандарға облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков баяндады. Әлеуметтік нысандар құрылысының қарқынды бөлігі білім беру және денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Жыл өткен сайын тұрғын үй кезегі жылжуда. Бұған соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысы көлемінің облыста – 3,5 есе, облыс орталығында 8 есеге өскені септігін тигізіп отыр. 
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз