Мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

56

0

Мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталдыҚызылордалық полицейлер мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады.

Жуырда 1992 жылы туылған Шиелі ауданының тұрғыны, 1989 жылғы Қызылорда қаласының тұрғыны оңай жолмен ақша табу мақсатында алдын ала келісімге келіп, «Nissan Primera» маркалы автокөлігімен Қарауылтөбе ауылына барады. Осы ауылдың тұрғыны Ж.Қ. есімді азаматтың мал қорасынан 1 бас қойын көліктің жүксалғышына салып, оқиға болған жерден бой тасалаған. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл қылмыстарымен тоқтамай, қаңтар айының 28-не қараған түні жоғарыда көрсетілген 2 азамат Титов қыстағы тұрғынының үй ауласындағы мал қорасынан 2 қойды және сол түні Қараөзек елді мекенінің тұрғыны Б.Б. есімді азаматтың жеке иелігіндегі мал қорасынан тағы 2 бас қой ұрлаған. Барлық қылмыстарын көліктерінің көмегімен іске асырып, оқиға болған жерден дереу бой тасалап отырған.

Жоспарлаған қылмыстық істерін бұдан әрі жалғастырып, қастарына ортақ таныстары – 1993 жылы туылған М.Б. есімді азаматты қосып алады. 3 адамнан құралған қылмыстық топ 2015 жылдың ақпан айының 5-не қараған түні Абай ауылы тұрғынының 2 бас қойын, Көкжиде ауылы тұрғынының 1 тайыншасын ұрлаған. Жоспарлы істерін жүзеге асырып келе жатқан жолда Қызылорда ҚІІБ-ның Жол-патрульді полиция батальоны қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, ұстаған.

Қазіргі таңда Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылының тұрғыны М.М. есімді және Қызылорда қаласының тұрғындары А.М., М.Б. есімді азаматтар күдікті ретінде ұсталып, Қызылорда қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу жұмыстары барысында, бұл азаматтардың қатысуымен жоғарыда аталған қылмыстардан бөлек тағы 6 мал ұрлығы Шиелі ауданында жасалғаны анықталды.

Сезіктілер орын алған барлық мал ұрлығы деректері бойынша кінәларын мойындап отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз