Маңызды мәселелер талқыланды

66

0

Маңызды мәселелер талқыландыКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, талқыланды. Сессияға депутат Қ.Бисенов төрағалық етті.
Алдымен сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында кеңінен айтып өтті. 
– Үстіміздегі жылдың мамыр айында Қызылорда облысының Ақтөбе облысындағы  күндері аясында біз импорт алмастыру  және өнеркәсіп, ауылшаруашылық өнімдерінің құнын арзандату мен өзара  тауар жеткізу жүйесін үйлестіруге бағытталған 30-дан астам келісімге қол қойдық. Сонымен бірге жақында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Қызылордаға келді. Ақтөбелік қонақтар бірқатар нысандарды аралап, маңызды іс-шараларға қатысты. Ал, қыркүйек айының соңында Қызылорда қаласында Жамбыл облысының күндері өтті. Онда қос облыстың тұрақтандыру қорлары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқару туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде Сыр күрішін Жамбыл облысына тасымалдау туралы келісімге қол жеткізілді. Қызылорда облысы жамбылдықтардан қант сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бастысы, екіжақты кездесу барысында ауылшаруашылық, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол жеткізілді.  
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында біздің күрішшілеріміз рекордтық өнім алып, гектарына 54,9 центнер жинаса, кейбір шаруашылықтар гектарынан орташа есеппен 80 центнерден алды. Бұл – бұрын-соңды қол жетпеген табыс. Қамбаға 440 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Респуб¬ликада өндірілген күріштің 90 пайызы Сыр еліне тиесілі. Күріштің ондаған сорты шығарылады. Күріштің өнімділігі 1991 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Сыр бойы күрішшілерінің жетістігін Елбасы Н.Назарбаев өзінің құттықтау хатында ерекше атап өтті. Сондай-ақ, биыл «Алтын дән» мерекесі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және «Дала академигі», екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерейтой аясында түрлі іс-шаралар жоғары деңгейде аталып өтілді,– деді аймақ басшысы. 
Сонымен бірге ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 16,3 пайызға өсіп, республикада алдыңғы қатарға шыққан. Есепті кезеңде агроөнеркәсіп секторындағы өсім 6 пайызды құрап, бұл саладағы инвестиция көлемі 9 ай қорытындысында 14 есеге артқан. Облыс әкімі мұнымен қатар барлық салада ілгерілеушілік барын алға тартып, осы межеден түспеу үшін алдағы уақытта да белсенді еңбек етуге шақырды. 
Сессияда бірінші мәселе «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылға 10 желтоқсандағы №125 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндама жасады. Ол баяндамасында облыстық бюджет кіріс көзінің ұлғайтылғанын және негізгі қаржы республикалық бюджеттен екенін атап өтті. Бұл қаражат мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырыстарын іске асыруға, Жаңақорған ауданы Төменарық, Нәлібаев елді мекендеріндегі 300 орындық мектеп құрылысына, Қызылорда қаласында аусымына 200 келушіге арналған облыстық көпсалалы балалар ауруханасы құрылысына, жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау мен құрылысы секілді өзге де бағыттарға бағытталғанын айтты.  Сонымен бірге алдын ала өткен тұрақты кеңесте басқарма басшысына жолданған депутаттар сауалдарына сессия барысында нақты жауап берілді. 
Ал, кезекте тұрған білім беру мекемесіне атау беру, Қызылорда қаласының кейбір көшелерін атау және қайта атау, Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылын қайта атау туралы мәселелер бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев хабарлама жасады. 
Сессия күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылдады. 
Сара АДАЙБАЕВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз