Маңызды шешімдер қабылданды

50

0

Бүгін VI сайланған Қызылорда облыстық мәлихатының кезектен тыс 11 сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Сессия төрағасы Имамзада Шағыртаев күн тәртібін дауысқа салып, депутаттар оны қолдап дауыс бергеннен кейін алғашқы мәселе – «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 12 желтоқсандағы № 71 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. 
Хабарламашы атап өткеніндей, бұрын игерілмеген және бюджеттен алып пайдаланылмаған, сондай-ақ үнемделген қаржылардың қайтарылуы нәтижесінде облыстық бюджетті 1,82 млрд теңгеге нақтылау қажеттілігі туындады. Сессияға дейін болған облыстық мәслихаттың біріккен комиссиялары отырысында депутаттар аталған қаржыны облыстағы өте маңызды деген мәселелерге бөлу туралы ұйғарымға келген болатын.  Олардың қатарында Арал қаласындағы 150 төсектік аудандық аурухана құрылысын қосымша қаржыландыру, Сырдария және Жалағаш аудандарының бірқатар елді мекендерінде ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту, Талсуат елді мекеніндегі үш әлеуметтік нысанды газбен жабдықтау, Жаңақорған ауданы Түгіскен елді мекеніндгі 300 орындық мектеп құрылысын қосымша қаржыландыру және аймақтағы басқа да көптеген өзекті мәселелер болды. Сессияда халық қалаулылары осы шешімді қолдап дауыс берді. Нақтыланған облыстық бюджеттің кірісі 168,8 млрд теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде салықтық түсімдер – 9,2 млрд, салықтық емес түсімдер –212,2 млн, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер –8,3 млн, трансферттер түсімі – 159,3 млрд теңгені құрады.
Мұнан кейін күн тәртібінде белгіленген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Олардың қатарында облыстық ономастикалық комиссияның қорытындысына сәйкес облыстағы бір елді мекеннің атауы өзгертіліп, бірнеше білім беру және мәдениет нысандарына белгілі тұлғалардың есімдері берілді. 
Сессия соңында депутаттар Тілеуберген Шаутай мен Асқар Махамбетов өз ұсыныстарын жеткізді. Т.Шаутай сессияға дайындалынып әкелінген шешім жобаларының арасында түсініксіздеу дайындалғандары кездесіп қалатынына назар аударды.  Алдағы уақытта бағдарлама әкімшіліктері бұған аса мән беруін сұрады. Ал А.Махамбетов келешекте мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізіндегі жобалар көбейе түсетінін атап өтті. Депутаттар оның механизмдерін әлі толық түсіне бермейді. Сондықтан да оған қатысты семинар өткізу немесе түсіндірме  парақтарын дайындау қажет деді. Қ.Ысқақов халық қалаулыларына бұл ұсыныстары үшін рахмет айтып, олардың қаперге алынатынын жеткізді. 
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз