Мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдау

85

0

Мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдауЕлбасының Қазақстан халқына 31 қаңтар 2017 жылы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстан Республикасы Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес,  Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін жүргізілетін шаралардың комплексінде тұқым шаруашылығының алатын орны ерекше зор. Оның негізгі міндеті: біріншіден – өндірісте егіліп жүрген күріш сортының жоғары репродукциялы тұқымын тауарлы күріш өндіретін шаруашылықтарға жеткілікті мөлшерде дайындап беру. Қандай жақсы сорт болмасын ұзақ жылдар егілу барысында тұқымның сорттық сапасы нашарлап, азады және өнімі азаяды. 
Ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғарғы өнім алуда тұқым сапасы аса маңызды роль атқарады. Өйткені тұқымның бойында болашақ өсімдіктің барлық қасиеттері  жинақталып тұрады.  Сондықтан тұқымның  сапалық   көрсеткіштеріне  қарап, болашақ өнімнің мөлшері мен сапасын болжауға болады. Диқан қауымының «Тұқымын ал  да жеріңе бар» деп айтуында үлкен мән жатыр. Сондықтан тұқым шаруашылығының екінші міндеті – тұқымның таза сорттылығын, оның биологиялық жоғары шығымдылығын бастапқы қалпында сақтау болып табылады. Ауылшаруашылық құрылымдарын күріш дақылының сапалы тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы бойынша қазіргі таңда  екі – бірегей тұқым өндіруші, үш – элиталық тұқым өндіруші және сегіз – І, ІІ және ІІІ көбейтілген тұқым өндіретін аттестатталған тұқым өндіруші шаруашылықтары бар.
Атап айтсақ, «Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Түгіскен ТШ»,  «Мағжан и К», «РзаАгро», «Сыр маржаны», «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Абзал и К» толық серіктестігі, «Төңкеріс К» шаруа қожалығы және тұқым өткізушілер «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС мен «Агро Центр» ЖШС.
Тұқым шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 2000 жылдан бастап субсидия бөлініп келеді. Республика бойынша тұқым шаруашылықтарына  2013-2015 жылдары аралығында  2,5 – 2,9 млрд  субсидия бөлінсе, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай – 11,6 млрд-қа жетеді деп жоспарлануда.
Қызылорда облысы бойынша  2014 жылы облыстық бюджеттен   358,9 млн теңге қаражат бөлініп, күріш өндірумен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары барлығы – 7295,3 тонна ішінара арзандатылған жоғары репродукциялы тұқым сатып алып егуге  қол жеткізіп, нәтижесінде гектарына      50,1 центнерден жоғары өнім алып, қамбаларын мол астыққа толтырды.
Бұл көрсеткіш 2015 жылы облыс бойынша гектарына  50,5 центнерден айналса, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы 75,0 млн теңгеге Краснодар өлкесінен 335 тонна элиталық күріш тұқымы әкелініп, «Таң ЛТД» ЖШС-гі және «Төңкеріс К» шаруа қожалықтарында егілді. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 6000 тоннадан астам І-репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде гектарына 54,5 центнерден өнім жиналып, облыс қамбасына 439 мың тоннадан астам сыр салысы құйылды. Соңғы жылдары  жоғары өнім алудың арқасында ауыл шаруашылық құрылымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, шаруашылықтар заманауи жаңа техникалар алуға қол жеткізе бастады. Жасыратыны жоқ,  2000-2010 жылдарға дейін жалпы егілген егіс көлемінің  30-40 пайызы қатардағы тұқыммен егілетін. Осы тұқым шаруашылығын дамытуға  көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 20 жылдың үстінде болмаған көрсеткішке жетіп отырмыз. Атап айтқанда,  2015 жылы жалпы егістіктің  98,5 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілсе,  2016 жылы 99,7 пайыз, 2017 жылы 99,9 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілді.  
Биылғы жылы тұқым шаруашылығын қолдауға жергілікті  бюджеттен барлығы 439,25 млн. теңге қаржы бөлініп, облыс бойынша 5985 тонна I-ші репродукциялы тұқымға ауыл шаруашылығы құрылымдарынан  өтінім түсіп, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді.
Жоғары сапалы тұқым мол өнімнің кепілі екендігін облыс дихандары соңгы жылдары өз еңбектерімен дәлелдеп жүр.
Осы жетістіктердің бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасы. Өйткені, ауыл шаруашылығын қолдау, оның ішінде тұқым шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық құрылымдарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету Үкіметіміздің басты назарында.      

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы және астық инспекциясы бөлімінің бас маманы Қ.Майлыбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз