Мемлекеттік қызмет саласының үздіктерін марапаттады

44

0

Мемлекеттік қызмет саласының үздіктерін марапаттады«23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» орай бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Ғ.Қазантаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев қатысып, аудандағы мемлекеттік қызметшілерді мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімі Ғанибек Қазантаев мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет саласын дамытуға, жетілдіруге барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Тәуелсіздікті тұғырлы ету әрбір мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты екенін жеткізді.
– Мемлекеттік қызмет, бұл – барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде қабылданған «100 нақты қадамда» кәсіби мемлекеттік аппарат құрып, мемлекеттік қызметшілерді жан-жақты қолдау туралы атап көрсеткен болатын. Бұл Елбасының татулықты ту етіп, Қазақстан халқының ішкі бірлігі мен тиянақты тірлігінің баянды болуына мемлекеттік қызметшілердің ел үшін аянбай қызмет етуі үшін қабылданған шешімі. Бүгінде мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет саласын дамытуға, жетілдіруге барлық жағдай жасалуда. Соған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер аянбай еңбек етіп, халыққа қалтқысыз қызмет етуде,- деген аудан басшысы мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, халыққа арналған игілікті еңбектеріне жетістік тіледі.
Салтанатты жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев, сала ардагері М.Кенбаев сөз сөйлеп, кәсіби мерекенің маңыздылығы туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Қоғалыкөл ауылының әкімі Б.Жұмабекұлы мен Ақжарма ауылының әкімі Қ.Нұрсейіт салтанатты түрде ант қабылдады. Шара соңында аудан әкімі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан ардагерлерге және мемлекеттік қызметшілерге Алғыс хаттар табыстады.
 
Ақтөре Ибрагимұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз