МЕНІҢ ОРНЫМДА КІМ БОЛСА ДА СОЛАЙ ЖАСАР ЕДІ

73

0

МЕНІҢ ОРНЫМДА КІМ  БОЛСА ДА СОЛАЙ ЖАСАР ЕДІБүгінде Данияр Қауышқанның
есімі көпке таныс. Ол жайлы әлеуметтік желілер де жарыса жазды. Себебі
Даниярдың жасаған ерлігі расында мақтан тұтуға тұрарлық еді. Жас та болса
екінің бірінің қолынан келе бермейтін қайсарлық көрсетті. Нәрестені қызыл жалынның ортасынан алып шығып, қайта өмір сыйлады десе де болады.

Бұл оқиға жайлы Даниярдың өзінен сұрағанымызда
қабағына сәл кірбің ұялағанын аңғардық. Әрине, оңай болмағаны белгілі. Бала
тұрмақ үлкендердің өзі мұндайда тосылып қалатыны жасырын емес. Бірақ жас
батырдың санасына тілсіз жаудың арасында қалғанбаланы алып шығу керек деген ойғана тұрды. Көршісінің үйi өртеніп жатыр дегенді естіген ол сонда бағыт
алады. Іште бір жасар Мейіржанның қалғанын естиді. Шарананың шарасыз күйін
іштей сезген Данияр лаулаған оттың ішіне қалай еніп кеткенін де аңғармай
қалады. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, бесікте жатқан баланы терезеге
жақындатып, сыртқа шығарады. Негізінен
өрт болған кезде үйде келіні мен мектеп жасына дейінгі бес бала болған. Өрт
сөндіру мамандары келем дегенше үйден төрт баланы шығарып үлгереді. Алайда, қызыл жалынға оранған
үйге қайта кіруге мүмкіндік болмайды. Сол мезетте Данияр, жоғарыда айтқанымыздай, ерлікке барады. Сол
оқиғадан кейін сәби жан сақтау бөліміне түседі. Аз уақыт өткен соң жағдайы
жақсарып палатаға ауысады. Баланың ата-анасы Даниярға шексіз алғыстарын
жаудырды. Жас батырдың ерлігі жұртшылық пен билік өкілдерін де назардан тыс
қалдырмады. Шақырды. Марапаттады. Қолдау білдіріп, көпке үлгі етті. Қазақсан
Республикасының Ішкі iстер министрлігінен өрттен баланың өмірін құтқару кезінде
қайсарлық пен ержүректілік танытқаны үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін»
төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар «Мәңгілік Ел – Болашағы біртұтас ұлт»
облыстық патриоттар форумы аясында
«Жігерлі жас» номинациясын иемденді. Және де облыс әкімінің арнайы «Сыр үміті»
сыйлығының иегері де атанды.

Ал, Даниярдың өзі: «Мен тек
кө­мекке мұқтаж жандарға көмек қолын создым. Бәрі де аяқ астынан болды. Тілсіз
жаудың ортасында сәби барын естігенде шыдап тұра алмадым. Менің орнымда кімде
болса солай жасар еді. Өртке оранған үйге кіргенімде бірінші баланы таба
алмадым. Тұншығып ауа жетпеген соң сыртқа шықтым. Екінші рет қайта кіргенімде
сәбиді көріп, терезе арқылы сыртқа шықтым. Осы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар
қызметі мамандығына деген қызығушылығым артты. Адам өмірін құтқару және араша
түсу ең маңызды екенін ұғындым. Дегенмен, спорт саласы да бұл мамандықтан алыс
емес. Алдағы уақытта алдымда биік мақсаттар мен асулар тұр», – дейді.

Жалпы Данияр қарапайым
отбасынан шыққан. Анасы үй шаруасында. Ал, әкесі құрылыс саласында еңбек етіп
келеді. Өзі бес ағайынды. Батыр бала үйдің екіншісі. Ата-анасы да
Даниярдың жасаған ерлігін баланың
бауырмалдығы мен ерекше қабілетінің нәтижесі дейді.

Қазіргі кезде Данияр
Қызылорда қа­ла­сындағы М.Мәметова атындағы гу­ма­нитарлық колледжінің төртінші
курс студенті. Мамандығы – дене тәрбиесі жәнеспорт. Оның бұл саладағы жетістігі де аз емес екен. Ұстаздарының
айтуынша, жас батырдың сабақ үлгерімі мен тәрбиесі де жақсы.

Осындай патриот жастарымыз
барда қазақ елінің келешегі біртұтас,
татулығы мығым, бірлігі жарасқан алып мемлекетке айналатыны белгілі. Біз де жас батырдың әлі талай ерлік жасап,
мықты спортшы болатына іштей қуанып, тілек білдірдік.

 

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз