Мүгедек азамат жалғыз қолмен көлік жүргізеді

39

0

Мүгедек азамат жалғыз қолмен көлік жүргізедіМүгедекпін деп мұқалмай, он екі мүшесі сау адамдардан қалыспай, еңбек етіп жүрген азаматтың есімі – Сапарбек Құлтанов.
Бозбала шағында оң қолынан айырылған ол тағдыр тезіне шыдады, сағын сындырмады, жігерін құм қылмады. Қайсарлығымен көпке үлгі бола білді. Ол өмірге өте құштар. Міне, осы қасиет қазалылық Сапарбек ағаны алға жетелеп келеді. Еңбекке ерте араласқан ол 17 жасында механизатор бола жүріп, оң қолынан айырылды. 
Бірақ, қайсар мінезді азамат қол қусырып қалмады. Ауыр жүк көліктерін айдап, жұрттың отын-суын жеткізіп берді. Қазір ескі болса да, өз көлігін тізгіндеп, жолаушы тасымалымен айналысып жүр.
Бұл жайында Сапарбек Құлтанов «Шыдадым, талпындым. Бір қолмен үй де салдым, бақша да ектім. Қасымда жолдасым болды» дейді. Аудан халқы бір қолды такси жүргізушісін жақсы біледі. Барар жеріне жету үшін оның қызметін пайдалануға тырысады. «Өйткені, ақжарқын азамат көлікті мұқият айдап, жайлы жүргізеді», дейді олар. Қазалылықтар ала таңнан кешке дейін тынбайтын Сапарбек Құлтановтың еңбекқорлығын тепсе темір үзетін кейбір жатыпішер жігіттерге үлгі етіп отырады. Шынында да ол 12 мүшесі сау болса да жалқаулыққа салынып, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруді қалайтындардың қолынан келмейтін істі тындырды. «Бір қолымен баспана тұрғызды, трактор, комбайн айдап, суретке түсіріп нәпақасын тапты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Осылайша, қолында кемістік болса да, көпшілікке мүмкіндігінің шектеулі емес екенін дәлелдеп жүр» деп хабарлайды аудан әкімдігі баспасөз қызметі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз