Мүмкіндігі шектеулі балаларға оқу құралдары табысталды

59

0

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында бүгін Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев биыл 1-сыныпқа баратын мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа оқу жылымен құттықтады. 25 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған портфель мен оқу формасын сатып алуға сертификат табыстады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жылғы жолдауында Қазақстан мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиіс екенін айтқан. Олай болса, мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы ортаға қосудың маңызы зор. Олардың қажеттіліктеріне қарай білім беру ұйымдарында кедергісіз білім алу кеңістігін орнатуға күш салынып жатыр.

– Биылғы оқу жылы инклюзивтік білім беру жүйесіне тағы бір білім ошағы – Қызылорда қаласындағы №264 мектеп қосылып отыр. Ел болып, халық болып әрдайым осындай игі істерді қолға алу – біздің азаматтық парызымыз. Әрбір баламызды мектеп партасына отырғызсақ, оларға сапалы білім бере білсек, бұл – біздің болашақ алдындағы жауапкершілігімізді ақтағанымыз. Сендерге үлкен үміт артамыз. Біздің сенімімізді ақтап,  еліміздің білімді азаматы болып өсіңдер. Әрқашан жүздеріңнен күлкі кетпесін, – деді Нұржан Әлібаев.

«Мектепке жол» республикалық акциясы елімізде алты жылдан бері өткізіп келеді. 1 тамыздан басталған шара аясында Қызылорда облысында бүгінде 2 мыңнан астам балаға 12 млн. 215 мың теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілді. Мектеп формасы мен құрал-жабдықтар жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Акцияға мемлекеттік мекемелер, депутаттар, облыстық басқармалар мен бизнес құрылымдары үлкен үлес қосуда.
Қабылдау соңында мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған дамуында ерекшелігі бар балаларға оқу құралдары табысталды. Ата-аналар мен балалар өз кезегінде бұл үшін алғыстарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз