Міндеттелген тапсырмаларды толық орындап шықты

68

0

Міндеттелген тапсырмаларды толық орындап шықтыМемлекет басшысының «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспарының сот органдарына қатысты міндеттердің негізгі мақсаты – сот ісін жүргізуді оңайлату, сотқа қолжетімділікті арттыру, істердің тез әрі сапалы қаралып шешілуін, сот актілерінің тез орындалуын қамтамасыз ету.
Соттарда Ұлт жоспарының орындалуы қарқынды түрде жүргізілді. Ең бірінші, сот жүйесі сатылары оңтайландырылды. Мұның артықшылығы – сот шешімдерінің жеделдігін, сапасын арттырып, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмайтындығында және сот ісінің созбалаңға салынуына жол бермейтіндігінде. Сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін ұзартуға ықпал етеді. Кеңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үндеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін сапалы әрі жедел қорғауға кері әсерін тигізді. Осылайша 2016 жылдан бастап халықаралық стандарттарға сәйкес сот ісін жүргізудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар және кассациялық саты – Жоғарғы Сот.
Ұлт Жоспарының 17-ші қадамында судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі көзделді. Бұдан былай барлық тағылымдамадан өтетін үміткерлерге лауазымдары сақтала отырып, өзінің басты жұмыс орнынан босатылып сынақтан өтуге мүмкіндік беріледі. Сынақтан өтушіге бір жылдық өтілімі бар аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының лауазымдық жалақысының 70 пайыз мөлшерінде еңбекақы төленеді және қолайлы жағдайлар жасалумен қатар кандидаттарды іріктеу тәртібі күшейтілді.
Ал, Ұлт Жоспарының 19 қадамын (Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту. судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау) іс жүзінде жүзеге асыру үшін республика судьяларының кезектен тыс VIІ съезі өтіп, аталмыш съезде судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданды.
 Жаңа әдеп кодексі судьялардың кәсіби және жұмыстан тыс уақыттағы өзін-өзі ұстауы мен мінез-құлық ережелерін белгілейді. Кодексті әзірлеу кезінде ол көпшіліктің талқылауынан өтті. Осы ретте сот төрелігінің Бангалор қағидалары да ескерілді. 15 баптан тұратын бұл кодекстің сот жүйесіне енгізетін игілікті тұстары көп. Мәселен, «бірінші бапта судья берілген антына берік болуға, оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиістігі» қамтылған. Ал, екінші бапта судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етулерге жол бермеуге үндесе, үшінші бап сот жүйесінің абыройын түсіруі мен сот төрелігінің мүдделеріне залал келтіруі мүмкін түсіндірмелерден тартынуы қажеттігін қатаң ескертеді.
Сот жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты тәуелсіз сот билігін қалыптастыру болса, бұл жерде судьялардың адалдығы мен біліктілігі, сот төрелігінің әділеттігі мен қолжетімділігі маңызды. Сондықтан жаңа әдеп кодексі судьялардың жанжалды жағдайлардан бойын аулақ ұстап, өзінің процестік тәуелсіздігін сақтап, істі қарауда әділдік қағидасын ұстауына мүмкіндік бермек.
Ұлт жоспарының 20 қадамы барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу мәселесі де өз шешімін толық тапты. Бүгінгі күні Қызылорда облыстық соттарының сот процестерінің барлығы дерлік бейне және үнтаспаға жазылу арқылы өтеді.
Қорыта айтқанда, сот жүйесі Мемлекет басшысының Ұлт Жоспары аясында міндеттелген тапсырмаларын толық орындап шықты деп, ауыз толтыра айтуға болады.

Н.ЕЛАМАНОВ,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз