МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША – СІЗГЕ ТІКЕЛЕЙ КӨМЕКШІ

69

0

 Қармақшы аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері аудан тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жиын өткізді.

Жиында «БЖЗҚ» АҚ Қармақшы аудандық қызмет көрсету орталығының басшысы Өмірбек Өміртаев тұрғындардың зейнетақымен қамсыздандыру бойынша қаржылық сауаттылығын, зейнетақы  заңнамасы және Қор қызметіндегі жаңа енгізілімдер  туралы хабардарлығын арттыру жолында қызу жұмыстар атқарылып жатқандығын айтып өтті.

Келесі сөздің тізгінін алған «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының өкілі Гүлжахан Камалова: – Қазір барлық қызмет түрлерінің электронды жүйеге көшіп жатқандығы белгілі. Сіз өз тұрғылықты жеріңіздегі мекемеге бармай-ақ үйде отырып, ай сайынғы аударылып отырған зейнетақы мөлшерін қадағалап отыра аласыз. Қолыңыздағы ұялы телефондағы  «Арр Store» немесе  «Play market»-тен «БЖЗҚ» қосымшасын жүктеп алсаңыз болғаны. Өзіңіздің арнайы ЖСН мен құпия сөзді енгізу арқылы зейнетақы қорындағы мәліметтерді біле аласыз,-деді.

Мұнан соң Қызылорда облысы мемлекеттік сақтандыру қоры филиалының директоры Гүлсім Денеева тақырып аясындағы заңнамалық өзгерістерге тоқталып, түсіндірме берді.

Жиын соңында  қатысушылар көптен көкейде жүрген сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан тиісті жауаптарын алды.

Ақнұр САҒЫНТАЙ. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз