МҰРЖА ҚҰЛАП, БІР АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

64

0

14 мамыр күні 18 сағат 20 минутта Қызылорда жылу электр орталығының мұржасы құлап, екі адам зардап шекті. Техногенді төтенше жағдайдың жай-жапсары бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. 
Бөлшектеп бұзу кезінде мұржа қосалқы мердігер «Алтын ЛТД» ЖШС-нің екі жұмысшысының үстіне құлап кеткен. «Оның біреуі бүгінде облыстық медициналық орталықта емделіп жатыр. Бір адам қайтыс болды. Іздестіру жұмысы тоғыз сағатқа созылып, ақырында марқұмның денесі үйінді астынан табылды», – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Бақтияр Тұрманов. Құтқару жұмыстарына департаменттен, сондай-ақ Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағынан мамандар мен техникалар жұмылдырылған. 
Жылу электр орталығының директоры Бауыржан Мадраимовтың сөзіне қарағанда, құлаған бу қазандығы 2003 жылы жұмысын тоқтатқан. Демонтаж жұмысы мердігер мекеме ретінде «АБК-Құрылыс» ЖШС-не жүктелген. Б.Мадраимов мердігердің бұл салада тәжірибесі бар екеніне сендіріп отыр. 
«Алтын ЛТД» ЖШС-нің бригадирі Молдағали Олжағұлов оқыс оқиғаның қалай болғанын айтып берді. «Жұмыс әдеттегідей таңертең сағат 8-де басталды. Жексенбі күні ешкім жоқта мұржаны құлатуды ұйғарғанбыз. Бәрі кешке қарай ойламаған жерден болды. Әйтпесе, қауіпсіздік шарттарын сақтап, арнайы үлгіде киініп жұмыс істеп жүргенбіз», – деді М.Олжағұлов. Зардап шегуші Рысбек Айқұловтың жағдайы дәрігерлердің бақылауында, Серіктестік бригадирінің айтуынша, беті бері қараған. Ал қаза тапқан Тұрақ Бақановтың отбасына жергілікті әкімдік көмектесетінін мәлімдеді. 
Қазіргі кезде аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз