Музыкалық колледж оқушылары республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды

90

0

Музыкалық колледж оқушылары республикалық байқаудың жеңімпаздары атандыНаурыздың аяғында Астанада өткен ХХХҮІ Республикалық жас орындаушылар байқауынан Қазанғап атындағы музыкалық колледжі жеңіспен оралды. Бұл туралы бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында өткен брифингте музыкалық колледж директоры Кеулімжай Ботабаев хабарлады.

Қазақстанның 19 музыкалық колледжінен 38 әнші қатысқан байқауда колледж ұстаздарының үлкен еңбегінің арқасында сопрано дауысы бойынша байқаудың 1 дәрежелі дипломымен 4 курс оқушысы Мәдина Айдарбекова марапатталды. Ал 2 дәрежелі диплом және лауреат атағын 4 курс оқушысы Бибігүл Тыныштық және 3 курс оқушысы Әйгерім Алтынбек иемденді. Тенор дауысы бойынша 3 курс оқушысы Айдос Шадаев 3 орын иегері және лауреат атанды. «Дәстүрлі ән орындаушылық» номинациясы бойынша Қазақстанның барлық дәстүрлі ән орындаушылық мектептерінен 24 орындаушы қатысып, колледждің 4 курс оқушысы Эльвира Есназар 3 орынды иеленіп, лауреат атанса, 3 курс оқушысы Ерсейіт Әлиев алғыс хатпен марапатталды, – деді К.Ботабаев. – Бұл жылғы конкурстың ерекшелігі «Вокалды ансамбльмен орындаушылық» номинациясының қосылуы болды. Бұл номинация бойынша 3 курс оқушылары Айдос Шадаев пен Біржан Серік құраған дуэт 3 орынды иемденді. Ал Бибігүл Тыныштық пен Әйгерім Алтынбек құраған дуэт дипломант атанды.
Одан бөлек, байқаудан соң Астанада өткен ІҮ республикалық «Өз елім» атты Н.Тілендиев атындағы Саз фестиваліне қатысқан оқушылар жүлделі орын алып қуантты. Бибігүл Тыныштық 2 орынды алса, Мәдина Айдарбекова 3 орынды иемденді. Айта кету керек, байқауда колледж оқушылары опера театры солистерімен, филармония әншілерімен, консерватория, өнер университеттері студенттерімен қатар сынға түсті.
Шынар БЕКБАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз