
«Сіздерді Қытайдың Нанкин қаласында өткен ІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын лайықты қорғап келген жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты қамқорлығының арқасында спортты екпінді дамытып келе жатқан еліміздің дәл сіздердей мақтануға тұратын ұл-қыздары барлығына біз шексіз қуаныштымыз», – деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық жас спортшылар 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль ұтып алып, І жасөспірімдер Олимпиадасындағы көрсеткішін жақсартып, ресми емес жалпыкомандалық есепте 21-орынға табан тіреді.
Оның айтуынша, қазіргі Олимпиадалық ойындар әлем қауымдастығы өмірінде үлкен орын алады. Бұлар жай ғана спорттық сайыстар емес, бүгінде Олимпиада ойындары кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси әлеуетін паш етеді.
«Сондықтан 200-ден астам елдің спортшылары қатысқан бәсекеге толы сайыста команда бойынша 21-ші орынды иелену – сіздер мен бапкерлеріңіздің ерен еңбегі. Сонымен қатар, сіздер спорттық резерв дайындаудағы қазақстандық жүйенің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, әлемдік дәрежедегі спортшылардың тұрақты түрде әрі үздіксіз тәрбиеленіп жатқанын көрсеттіңіздер», – деді вице-премьер.
Осыдан кейін Г. Әбдіқалықова спортшылар мен олардың бапкерлерін Мемлекет басшысының және ел Үкіметінің атынан құттықтап, қаржылай сертификаттармен марапаттады. Айта кетейік, алтын медаль әкелген спортшылар Абылайхан Жүсіповке, Мұхамбет Қуатбекке, Бауыржан Жауынтаевқа 1 млн. 820 мың теңге көлемінде, күміс медаль иегері Вадим Казаковқа 910 мың теңге, ал қола жүлдегерлерге 540 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Сондай-ақ жас спортшыларды жаттықтырғаны үшін олардың бапкерлері де қаржылай сертификаттар алды.