Неміс аспаздар тәжірибе бөлісуде

39

0

Неміс аспаздар тәжірибе бөлісудеҚызылордада жақында ашылған «Bella vista» кешені «ә» дегеннен тұтынушылардың көңілінен шығып үлгерді. Қызмет көрсету сапасына қатысты сын бұл жерде орынсыз болар еді. Өйткені, кешеннің қожайыны һәм кәсіпкер Руслан Ахметов идеясын жүзеге асыруда еш аянып қалмаған. 
Сырдарияның жағалауында қоныс тепкен жанға жайлы орын итальян тіліндегі «әдемі көрініс» деген мағынасына әбден лайық. Қонақүй бөлмелерінің әрқайсысының интерьер-дизайны бір-бірін қайталамайды. Руслан Ахметов қай істің де басында өзі жүргенін және бүге-шігесіне дейін ұқыптылықпен қарағанын айтады. 
– Құрылысына, дизайнына түгел өзім қатыстым. Жаңа нәрсе үйренгім келді. Жобамды алып «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бардым. Сондағы мамандар кеңес берді. Артынша «Шағын және орта кәсіпкерлік топ-менеджментін оқыту» компоненті бойынша Назарбаев университетінде білімімді толықтырдым. Мен үшін бұл өте пайдалы болды, – дейді ол. 
Мемлекет мүмкіндігіне иек артқан іскер азамат Германиядан қос эксперт шақырыпты. Әлемнің әртүрлі асханасында жұмыс істеп, әбден ысылған Гюнтер Вальтер Шустер мен Михаэль Грайлих Қазақстанға бірнеше мәрте келгенімен Сыр өңіріне жолдары түсіп тұрғаны енді екен. «Bella vista» бутик-отелінің аспаздарына ай бойы бар білгендерін үйретуге бекініпті. 
– Қазақстанның басқа қалаларына келгенбіз. Алайда, мұндай кешенді бірінші рет көрдік. Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде. Біз көптеген авторлық рецептімізді бөлісуден тартынып қалмаймыз, – дейді Михаэль Грайлих. 
Кешеннің бас аспазы Хуснитдин Джумакаев – тәжірибелі маман. Кәсіпкер арнайы Алматыдан алдырыпты. Неміс эксперттер оның кәсіби шеберлігіне шәк келтірмейді. Тек идея алмасу жеткілікті деген пікірде. Мейрамханада келуші үшін ең тиімдісі – басқа тамақтану орындарында қолданылатын қызмет үшін ақы деген атымен жоқ. Германиялық қонақтар кешен құрамындағы мұндай қонақүйдің төрт жұлдызды статусына лайық екенін айтады. 
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз