Өнертапқыштар электронды қазақ үйін жасады

49

0

Өнертапқыштар электронды қазақ үйін жасадыБүгін, 18 шілдеде «Сыр медиа» ЖШС қарасты облыстық коммуникация орталығында «Электронды қазақ үй» жобасының жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы қызылордалық баспасөз өкілдерімен кездесіп, аталмыш жоба жөнінде жан-жақты айтып берді. 
«Электронды қазақ үй» – иісі қазақтың игілігіне жарайтын таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Киелі Қазақ үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың 45 қара сөзін қамтыған 1200 мазмұн енгізілген. Ол – бабаларымыздың бізге жеткен бай рухани мұраларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі заманауи электронды құрал. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, дәстүрлі дүниетанымымыз бен музыкалық мұрамыздың жауһарларын жалпақ жұртқа насихаттайтын ұлттық өнімнің тәрбиелік, тағылымдық қызметі басым, сапасы жоғары деңгейде, мазмұны бай, әр саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби, майталман мамандарының кеңесі негізінде дайындалған. Ол әр қазақтың тілдік, сөздік қорын молайтып, ұлттық музыкаға деген ықыласын арттырып, рухын көтеріп, танымын арттырады. Рухани байлығымызға деген азаматтық құрметімізді жаңа сатыға көтереді.
 Электронды қазақ үй 4 негізгі бөлімнен тұрады: Бірінші бөлім – ертегілер. 150 ертегіні қазаққа танымал актер Айдос Бектемір мен алты алашқа аты мәлім әйгілі диктор Сауық Жақан оқыған. Бала санасына адами қасиеттерді сіңіріп, қазақтың бай фольклорлық мұраларымен сусындатып, тілдік қоры мен әдеби жасампаздық қуатын арттырады. Екінші бөлім – балалар әні. Кең көлемде жинақталған балаларға арналған 167 ән енгізілген. Орындаушылардың дені талантты жасөспірім және танымал әншілер. Қазақ әндерін бала жастан жаттауға, ән үйренуге тиімді. Үшінші бөлім – күйлер. Бұл бөлімде дәулескер күйшілеріміздің күйлері қамтылған. Ұлттық өнеріміздің кәусарынан мейлінше сусындауға бағытталады. 315 домбыра, 34 оркестрмен орындалған күй, 20 қобыз, 20 сыбызғы, 12 жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, адырна, шертер, 8 сазсырнаймен орындалған шығарма енгізілген. Төртінші бөлім – дәстүрлі ән, терме-толғаулар, бесік жырлары және Абай атамыздың 45 қара сөзі. 114 халық әні, 202 халық әнші-композиторларының әндері, 62 терме-толғау, 26 отаншылдық рухтағы ән, 7 бесік жыры, хакім Абайдың 45 қара сөзі бар. Сондай-ақ радио тыңдап, өзіңіздің құрылғыларыңыздағы(USB плеш карт және телефон карттегі) әндерді қосып ести аласыз. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін өнім патенттелген, авторлық құқығы қорғалған, Елбасының жақсы бағасына ие болып, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің сапартауынан өткен, сапасы жоғары, мазмұны сан алуан, ұлттық нақышпен безендірілген. Жобаның жүзеге асуына 3 жыл уақыт жұмсалған. Оның сәтті шығуына Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, танымал әнші-композиторлар, ақындар мен қаламгерлер қолдау білдіріп, кеңес берген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз