«Нұрлы жер» аясында кімдер пәтер ала алады?

48

0

«Нұрлы жер» аясында кімдер пәтер ала алады? «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрмысы төмен отбасылар үшін 3 мың пәтер салынады. Сондай-ақ, дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер аталған бағдарлама аясында пәтер алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Нұрлы жер» бағдарламасы 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бағдарлама аясында берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі арзандатылған: 140 мың теңге. Бұл басқа өңірлер үшін. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл баға 180 мың теңгені құрайды. Ал, жалпы нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңге. Бұл қарапайым халық үшін үлкен жеңілдік», – деді ол.
Сонымен қатар, М.Жайымбетов мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын тұрғын үйлерден кімдердің пәтер алуға мүмкіндігі бар екендігіне тоқталды.
«Ол мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер, әрі тұрмысы төмен азаматтар. Қазіргі таңда 430 мың адам кезекте тұр. Бұл бағдарлама тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасылар үшін 3 мың пәтер салынатын болады. Нәтижесінде 15 жылдың ішінде 45 мың пәтер саламыз. Бұл халық үшін үлкен көмек», – деп атап өтті ол.
Осы орайда Мархабат Жайымбетов қарапайым азаматтардың пәтерді қалай алатындығын түсіндірді.
«Жалға берілетін, бірақ сатылмайтын пәтерлер болады. Жыл сайын осы құрылысты жүргізу үшін 25 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Нәтижесінде 3 мың пәтер салынады. Одан басқа 16-17 мың несиелік пәтер салынады. Оған квазимемлекеттік сектордағы «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» холдингі жауапты. Оларда 277 млрд теңге қаржы тұр. Осы мекемелер арқылы 15 жылдың ішінде 280 мың пәтер пайдалануға беріледі. Бұл пәтерлер «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы үлестіріледі. Ақшасы 50%-ға жетпегендердің жеңілдетілген несиемен пәтер алуға мүмкіндігі бар», – деді ол.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз