Нұртөре ЖҮСІП. Қарышты, құрышты Қызылорда

84

0

Сыр бойындағы серпіліс немесе бірінші күн

Нұртөре ЖҮСІП. Қарышты, құрышты ҚызылордаҰшқан құстың қанаты талатын Қа­зақстан аспанында тікұшақпен қа­лықтаудың кереметтігін осы жо­лы: бір топ республикалық БАҚ же­­текшілерінің – құрамында Қа­зақ­стан журналистер одағының Тө­ра­ға­сы Сейітқазы Матаев, Ха­лық­ара­лық «Түркістан» газетінің Бас ре­­­­дакторы Шәмші Паттеев, Қазақ­стан және Түркия іскер адамдар қо­ғамының Бас хатшысы Ахмет Аляз және осы жолдардың авторы, «Айқын» газетінің Бас редакторы бар – Қызылорда облысындағы пресс туры барысында сезінгеніміз рас. «Астыма мінген атым гена­душ­ка» деп Ақан сері айтқандай, асты­мыз­ға мінгеніміз Астанада құрас­ты­рыл­ған осы заманғы жаңа тікұшақ, бұл аспан көлігі Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі тарапынан алынған; осы күні аймақтың барлық игілігіне жа­рап тұр, жедел жету қажет болған жер­дің бәріне лып еткізіп жеткізе қоя­ды; жәйшылықта жердегі көлікпен бір-екі күн сарсылып жү­ре­тін жерге бір-екі сағатта апа­ра­ды; не­сін айтасыз, Алла-тағаланың адам­зат баласына берген нығ­мет­те­рі­нің ішіндегі абзал ғанибеттің бірі екен. Қызылорда облысына жасаған үш күндік сапарымыздың бары­сын­да тікұшақтың игілігін өз көзімізбен көрдік, қажеттілігі мен қызметіне көз жеткіздік.

Сонымен, сапар барысы қалың оқыр­мандарымызға ұғынықты болу үшін алғашқы күннен бастайық. Қор­қыт Ата халықаралық әуежайы­на түскен бетте бізді М. Бәйімбетов пен

Қ.Дөңесбаев мырзалар тосып тұр екен. Жаңадан салынатын Қы­зы­лорда әуежайының Халықаралық жа­ңа терминалы макетімен таныс­тыр­ған олар бұл нысанның аса ма­ңыз­дылығын атап өтті. Облыстың қо­лайлы жағрапиялық орналасуы тұр­ғысынан әуежайға «халық­ара­лық» деген мәртебе беру пісіп-же­тіл­ген мәселе көрінеді. Өйткені мұ­найгаз өндіру кластерінің ин­вес­торлары авиациялық тасымалға кө­бірек иек артып отырған жайы бар. Сондықтан да облыстық әкім­ші­лік бюджеттен тыс қаражат есе­бі­нен халықаралық терминал құрылысын жүргізудің жобалық-сметалық негіздемесін жасап, бұл күнде алдын ала есептегенде, жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын құ­ры­лыстың жобалық-сметалық құжат­тамасы бітіп те қалыпты. Биылғы 19 сәуірде Қызылорда облысының әкімшілігі мен «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы, «KTZ Exspress» акционерлік қоғамы, «СПК «Байқоңыр» ҰК» акционерлік қоғамы және «Қорқыт Ата» Әуе­жайы» акционерлік қоғамы арасын­да өзара Келісімге қол қойылып, 4 шілдеде үлестік қатысы 70 пайыз бо­латын «KTZ Exspress» акционерлік қоғамы, үлестік қатысы 30 пайыз болатын «СПК «Байқоңыр» ҰК» акцио­нер­лік қоғамы, «Қызылорда қала­сы­ның авиатерминалы» ЖШС-і кә­сіпорыны құрылған екен. Жобаны қосымша қаржыландыру мәселесі­мен облыстық әкімшілік айналысып жатқан көрінеді. 8500 шаршы метр алаңда орналасатын жаңа терминал са­ғатына 250 жолау­шыға қызмет көр­сететін болады. Терминал жо­ба­сы кес­кінделген макеттен екі қол­тық­ты трап, жүктерді автоматты түр­де тиеп, түсіретін желі, 120 көлік­ке арналған көлік қоятын орынды көру қиын емес. Үстіміздегі жыл­дың 14 шілдесінде Қазақ­стан­ның Үкімет басшысы К.Мәсімов пен «ҚТЖ» Ұлттық компания­сы­ның президенті А.Мамин мыр­за­лар терминалдың ір­гетасын бірге қаласыпты. Алла сә­тін салса, 2015 жылдың шілде айында Қызылорда халықаралық әуе­жайының су жаңа терминалы әлеуетті авиажо­лау­шы­ларға өз қызметін ұсынатын бо­­­лады. Сол кезде қызылордалық жолаушылар Біріккен Араб әмірлігіне, Қытайға, Түркия мен Ресейге тікелей ұшып, халық­ара­лық авиакомпаниялар­дың чар­терлік, жүк тасымалдау рейс­терін жүзеге асыру және май құю, аралық қону сияқты шаруа­лар­дың бәрін рет­теуге мүмкіндік туады. Қазірдің өзін­де «Инвес­тавиа», «Авиа­ком­пания Каз­рейстранс», Түркияның «Пегасус» тәрізді авиаком­пания­лары Қы­зы­лорда әуежайымен тікелей жұ­­мыс істеуге оң құлық танытып отыр.

Қызылордадан әуежайға беттеген адамның көзіне бірден жолдың екі жа­ғасындағы билбордтарда бейнеленген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Екі мәрте Еңбек Ері, Дала академигі Ыбырай Жақаев, Алаштың арысы Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожановтар секілді Сыр өңірінен шыққан талай танымал тұлғалардың келбеті менмұндалап шалынады. Бұл да болса Елбасы айтқан «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөзді қуаттайтын игілікті әрекет екен. Тарихты, еңбекті қадір тұтқан елдің ертеңі ешқашан жаман болмайды. Еңбек демекші, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс орталығында өзі бас болып, «Еңбек» аллеясын жасады. Осы бір ғана Сыр өңірінен 102 Социалистік Еңбек Ері шықты. Олардың есімдері облыс тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Қырымбек Көшербаев Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастардың бойына, та­ным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбек­пен ғана шындыққа айналатынын ұғындыру керектігін ылғи айтып жүреді. Даңғайыр диқан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі бүгінгі ұрпақ үшін еңбек ұғымымен егіз аталады. Сондықтан да біз Сырдың біртуар перзенті, ғасыр ада­мы атанған Ыбырай Жақаевқа арналған ескерткіш орналасқан осы аллеяны «Еңбек» аллеясы деп атауға шешім қабылдадық, – деген болатын Қырымбек Елеуұлы. – Өйткені, өткен буын аға-аналардың өне­гелі істерін кейінгі жастарға үлгі тұтып, на­сихаттау, ер есімін ел есінде сақтауға үлес қосу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтеу – аға ұрпақтың парызы. Ыбырай Жақаевтың салған сара жолы – Сыр диқандарына үлгі. Шығыс елдерінде аса құрмет тұтатын дақыл – күрішті елдің ең сыйлы да құрметті азаматы бастап себетін болған. Ақ күріштің атасы атанған азаматтың Ұлы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан күріштің әр гек­тарынан 156, 160, 171 центнерден өнім жи­­нап, дүниежүзілік рекорд жасаған тамаша ер­лігі елге ерекше бақ, береке, абырой мен атақ, ырыс пен молшылық, тоқшылық заманын алып келгені жасырын емес. Әйгілі «жақаевшылар» атанған күрішшілер қозғалысының өрістеп, бұқаралық сипат алуы Ыбырай Жақаевтың есімімен тығыз байланысты. Академик, жазушы Сәбит Мұқанов ол туралы «Сырдария» романын жазып, халқының ардақты ұлын «Дала академигі» деп атады. Сондай кісінің ақ батасын алған Қырымбек Елеуұлының да атақ, абыройы жаман болып жатқан жоқ. Еңбекті ардақтау өнегесі Тәуелсіз Қазақ елінде заңды жалғасын тауып отыр. Сыр елінің перзенттері Абзал Ералиев пен Юрий Пяның Қазақстанның Еңбек Ері атанғаны еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін зор мақтаныш. Осындай игі істердің бәрі де ең бірінші кезекте Тәуелсіздігіміздің, сосын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты, ел бірлігі арқасында жүзеге асырылып жатқанын айтқан артық болмас.

Сонымен, Қызылорда қаласына әуежай жақтан кіріп келе жатқанда, жаңадан са­лынған облыс әкімшілігінің ғимараты бірден жарқырап көзге түседі. Қалада қайнаған еңбек: Қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары басталып кеткен; келер жылдан бастап бұл аумақта не­гізгі деген құрылыс нысандары бой көтере бастайды. Бұл аумақта игерілетін жер 1532 гектарды құрайды. Жалпы, биыл­ғы жылға бөлінген 107 млн теңге қар­жы­ға аталған аумақты түбегейлі жос­пар­лау жобасы әзірленуде. Сырдария үс­тіне салынатын үш көпірдің бірі, яғни Мұратбаев көшесіндегі құрылыс басталып кетті. Көпірдің жалпы сметалық құны 5,9 млрд теңге. Ол екі жыл шамасында салынып, іске қосылады. Дарияның сол жағалауын дамыту тікелей осы көпірге байланысты. Негізі, бұл аумақ­тағы құрылыс нысандары келер жылдан бастап салына бастайды. Облыс республика бойынша бірінші болып барлық елді ме­кендердің бас жоспарлары мен даму сыз­баларын әзірлеп, қолданысқа енгізуге қол жеткізген. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 400 млн теңге қаржы бөлінді. Негізі, сәулет және қала құрылысы саласы кез келген мемлекеттің алға дамудағы қозғаушы күші, жетекші саласы болып есептеледі. Осы жайтты ескерген облыс әкімі бұл салаға көп қолдау көрсетіп келеді. Әкімнің ұйғаруымен алдағы уақытта қандай елді мекенде бол­сын салынатын нысандар жобасында ұлттық және шығыс архитектурасын кеңінен қолдану үрдіске енгізіледі. Бұл құптарлық-ақ жағдай. Көп ретте қазіргі салынып жатқан құрылыстарға қарасаңыз, өзіңіздің қай елде жүргеніңізді білмей қа­ласыз: қаптаған шынымен қапталған ғимараттар әлемнің кез келген елінде бар. Солардың бәрі сұрқай және сұрықсыз көрінетіні де елге белгілі. Қызылорданың сол жақ жағалауда орналасатын жаңа ғимараттары шығыстық сәулет өнерімен нақышталса, қазақ тарихымен сабақтасып, осы заманға үндесіп тұрар еді. Соңғы үш жылда облыс орталығында аумағы 1909 гектарды құрайтын түбегейлі жоспарлау жобалары әзірленіп, бекітілген. Соның ішінде «Астана» ауданы мен бір Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан бірнеше нысандар бой көтерді. Енді осы көше мен аспалы көпір маңынан 329 гектар жерге көлік-логистикалық орталық пен ірі сауда орындары, ойын-сауық және сауда, көлікке қызмет көрсету орталықтары бар ірі кешендер салынатын болады. Сондай-ақ, «Қызылорда – Жезқазған» трассасы бойындағы 980 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасына орай жеке тұрғын үй құрылысын дамыту да қарастырылған. Қазір бұл аумақта инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жоспарлануда. Сөйтіп бұл жерден алғаш кезекте әлеуметтік нысандар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Қызылорда қаласының соңғы уақыт­тары сәулеттік келбеті айтарлықтай өз­гергенін бұл елге келген де, кеткен де аза­маттар сүйсіне сөз ете бастады. Азғантай ғана уақыт ішінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, жүзден астам көше жөнделді. Сөйтіп, қала көркейе түсті. «Сыр Ана» кешенінің аумағы абаттандырылып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы паркте Рәміздер алаңы ашылады. Сондай-ақ өзеннің оң жағалауын абаттандыру мен «Мұнайшы» шағын мөлтек ауданы да бой көтеретін болады. Облыстың бас қаласы – Қызылорда қаласына кіреберісіндегі төрт бағытына «Қызылорда қаласы» деген белгілер қойылады. Бұл қақпалар ұлттық нақышта әзірленеді. Ал бұл өз кезегінде кешегі Ақмешіттің көркіне көрік қосып, сәулеттік келбетін жақсарта түседі. Қаладағы көпқабатты үйлердің қасбеттеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілетін түрі бар. Бұл да облыс орталығын айшықтай түсетін шаралар.

Біз белгіленген жоспар бойынша Шығармашылық үйінде болдық. Бұл үйге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі таяуда ғана берілді. Ауласында осы заманғы басу ма­шиналары орналасқан екі қабатты жаңа баспаханасы, 10 автокөлікке арналған гараждары, ал ішінде 60 адамға арналған асханасы, күнделікті жиындар өткізуге арналған коммуникациялар орталығы, үш облыстық газет, бірнеше қалалық БАҚ редакциялары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының облыстық филиалдары, «Егемен Қазақстан» газе­тінің меншікті тілшісі мен «Сыр Медиа» хол­дингінің әкімшілігі отыратын Шығар­машылық үйі расында, көрген жанның кө­зін де, көңілін де сүйсінтер ғимарат болып шықты. Бұл үйдің құрылысы 2012 жылы басталып, 2013 жылы аяқталған. «Орион» ЖШС-і мердігерлік мекемесі 631115 мың теңгеге осындай әдемі ғимаратты тұрғызып, пайдалануға берген екен. Ғимарат үш қабатты. Сырты да, іші де келісіп тұр. «Сыр Медиа» холдингінің басшысы, об­лыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Оңғарбаев бізді өзі бастап, ғимаратты және онда қызмет атқарып жатқан еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен толық таныстырды.

Біз бұдан соң Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болдық. Мектеп былтыр, дәл Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай есік ашқан. Бұл еліміздегі Зияткерлік мектептердің саны жағынан алғанда 15-ші, мұнда 90-ға жуық педагог жұмыс істейді. 2013-2014 оқу жылын 609 бала жақсы тәмамдап шығыпты. Мектеп түлектері 10 халықаралық деңгейдегі, 43 республикалық деңгейдегі,8 облыстық деңгейдегі, 1 қалалық деңгейдегі жүлделі орындарды иемденген көрінеді. Ағылшын тілі мен жаратылыстану бағытындағы пәндерден жақсы бағаларға қол жет­кізген 35 оқушы шетелдерге барып, элективті курстардан өткен екен. Зияткерлік мектептің ғимараты 720 орынға есептелген, 120 баланың жатақханада жатып оқуына бо­лады. Оқу, жатақхана, спорт блок­тары бар. Жалпы, мектептік бөл­мелерде түрлі кабинеттер мен ла­бо­раториялар, медициналық блок, 360 орындық тамақтану залы, 360 адамға лайықталған мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. Соңғы үлгідегі жа­ңа компьютерлік жүйелермен, муль­ти­медиалық кабинеттермен, ке­лісті кітапханасымен, жоғары өн­ді­рісті есептегіш машиналармен, и­нтерак­тивті электронды тақталармен, жо­ғары жылдамдықтағы интернетпен, иннова­циялық бағдарламалық құралдармен жабдықталған Назарбаев Зияткерлік мектебіне бір кірген адам шыққысы келмей қалады. Тіпті «шәкірт күнімізде осындай оқу орны болғанда білім нәріне алаңсыз бас қояр едік-ау» деген іңкәрлік сезім бойымызды билеп алғанын жасыра алмаймыз.

Облыстық медициналық орталық жұмысымен таныстық. Халқы 720 мың адамға жақындаған облыс тұрғындары үшін бұл мекеменің өмірлік мәні бар. Адам баласы үшін денсаулықтан артық байлық жоқ. Қазақ мұны ең бірінші байлықтың қатарына қосқан. Ал ауырмайтын, сырқамайтын пенде болмайтыны белгілі. Экологиялық жағынан алғанда аса зардапты болып саналатын Сыр бойының тұрғындары көп ретте өздерінің денсаулық мәселесіне қатысты осы орталыққа жүгінеді. Бұл ғимаратты кезінде болгарлықтар тұрғызған. Құрылысы 1998 жылы бітіп, пайдалануға бе­рілген облыстық медицина орталығы сол кезден бастап халық денсаулығының қы­рағы күзетшісі қызметін атқарып келеді. Мұнда бір мезгілде 805 адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Осы за­ман­ғы барлық ауру түрлері бойынша маманданған білікті дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Арасында білімі мен білігін шет мемлекеттерде же­тіл­діріп қайтқандары да бар. Жыл сайын бұл орталыққа 45 000 адам дәрігерлік көмек сұрап келетін болса, соның 26 000-ы күндіз-түні мамандандырылған және жоғары білікті дәрігерлік көмек ала алады. Орталықта 1290 адам жұмыс істейді. Медицина ғылымының 1 докторы, 1 ғылым кандидаты, 19 денсаулық сақтау ісінің үздігі қызмет жасайды. Балалардың анестезиолог-реаниматолог маманынан басқа салалардың бәрінде өз ісінің білгірлері еңбек етеді. Бүгінгі таңда жүрек-қан та­мырлары ау­рулары бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Дүниежүзі бойынша 1 мил­лион тұрғынның орта есеппен алғанда 97-98 мыңы осы дертке шалдыққан. Қазақстанның оң­түстігі бойынша алғанда 5,6 мил­лион тұрғынның 1,7 миллионы осы дертпен ауырады. Сондықтан да орталықта кардио, рентген-эндоваскулярлық бөлімдерге қатты мән беріледі. Рентген-хирург Н. Ысмайылов Жапония, Қытай, Италия, Испания, АҚШ, Ресей, Литва елдерінде жоғары дәрежеде маманданудан өткен. Рентген-хирургия саласы бойынша 10-ға жуық сертификаты бар.

– Бізде ауа райы алты ай бойына реабили­тация­лық кезеңді ашық ауада өткізуге қолайлы, сондықтан ау­рухана ауласында науқас­тардың өмірге қайтып оралу, белсенділігін арттыру ба­ғы­тында қажетті құрал-жабдықтардың бәрін қой­дық. Соның арқасында біз­ге келген науқастар же­­дел жазылып кететін жағдайларға куәміз, – дейді дә­рігер Оңталап Өмірзақ мырза.

Мұндағы инсульт, ней­рореабилитация, неврология бөлімдері бір құрылымда жұмыс істейді. Бұл да науқас жандардың тезірек ем алып, сауығуына қолайлы.

Құдай адамды ауыртпай-ақ қойсын, әйтсе де ауырып, сырқай қалған жандар үшін облыстық медицина орталығы нағыз таптырмас дәру мен шипа мекені екеніне көз жет­кізгендей болдық.

Қызылорда қаласында «Мұз айдыны» спорттық-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. 2011 жылы құры­лысы басталып, 2013 жыл­дың қыркүйек айында іске қосылған, жалпы кө­лемі 7985 шаршы метр, 4039,2 шаршы метр мұз айдыны, 1108,8 шаршы метр спорттық ойын залы, 1108,8 шаршы метр күрес залы бар бұл ғимаратта шай­балы хоккей, мә­нер­леп сыр­ға­нау, баскетбол, во­лей­бол, көр­­­кем гим­настика және күрес бө­лім­ше­­лері жұмыс жасайды. Спорт­­тық жа­рыс­­­тарды мыңға жуық адам тамашалай алады.

Дәл осы «Мұз айдынының» қарсы бе­тінде орналасқан «Нұрсәт» теннис орталығы 2 ғимараттан тұрады. Елбасы 2011 жылы жұмыс сапарымен Сыр еліне келгенде осы ғимараттың бірінші кезеңі пайдалануға берілген екен. 2012 жылы екінші кезеңі аяқталып, 4 ашық корт салынған. Мұның бас мердігері Хорватияның «Consert 90» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі. Бұл күндері теннис орталығында 6-18 жас аралығындағы 179 жасөспірім спорттың осы бір ғажайып түрімен арнайы шұғыл­данып жатыр екен. Теннис спорты біздің Қазақстанның кенже дамып келе жатқан, бірақ айналысқан адамға атағы мен ақшасын қоса ұсынатын қызықты сала ғой. Алдағы уақытты анау Уимблдон тур­нирлерінде қызылордалық теннисшілер қалың жарыстардан дара шығып, еліміздің көк байрағын желпілдетіп жатса, қанеки!

Қызылордада бұрын-соңды құрама жем зауыты болмаған еді. Енді елімізде баламасы жоқ зауыт биыл іске қосылады. «Жан Арай Жем» ЖШС жүзеге асырып жатқан «Қуаттылығы тәулігіне 80 тон­на құрама жем зауыты» жобасының алар орны ерекше. Аумағы 10 гектар жер­­ді алып жатқан индустриялық ай­мақтың 2,5 гектары аталмыш зауытқа берілген. Зауыттың жобасын жасаған «Санжар-Проект-Сервис» ЖШС-ның жобалаушылары болса, ғимараттың металл конструкцияларын құрастырып берген «Техоснастка» ЖШС мекемесінің құрастырушылары. Құрама жем зауытында Германияның «Петкус» фирмасының қондырғылары орнатылады. Қазір олар толықтай жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізіліп, өзінің құрастырылу сағатын күтіп тұрған жайы бар. Құрама жем зауыты үш бөліктен тұрады. Бірінші блокта жем шығарылатын болса, қалған екі блокта шикізатқа және дайын өнімдерге арналған қоймалар орналасады. Қазір осы үш блокты біріктірген жем зауытының ғимараты то­лық аяқталған. Мұнда бүгінгі күндері не­гізінен сылақ жұмыстары жүргізілуде. Нысан басында 92 адам жұмыс істеп жатыр.

Құрама жем зауыты – Қызылорда қаласының Индустрияландыру кар­тасына енгізілген нысан. Өңірлік Индус­трияландыру картасындағы жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары, атап айт­қанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­­дарламасы аясында қолдаулар көрсетіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын 375,9 млн теңгенің 49 пайызын «Байқоңыр» ӘКК қаржыландырса, қалған 51 пайызын серіктестік тауып отыр екен.

Мұндай зауыттың Қазақстанда әзірге баламасы жоқ. Жем шығаруға қажетті шикізаттар қатарында күріш, бидай, жүгері, сафлор, күнбағыс дақылдары бар. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағанда тек өзіміздің фермерлерді ғана емес, өзге аймақтағы ірі қара малмен айналысатын шаруашылықтар тапсырыстарымен де жұмыс істемек.

Зауыттың болашақта берері мол болмақ. Біріншіден, ірі қара мал өсіруші шаруашылықтар сапалы және құ­нарлы жемді бұрынғыдай алыстан тасымалдамайтын болады. Екіншіден, зауытта жаңадан 60 жұмыс орны ашы­лады. Зауыт өнімі аймақта тек қана мал шаруашылығы емес, сонымен қатар құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді.

 Алты Алашқа ата қоныс болған Сыр елі қашанда қалың қазақтың шоғырланған мекені. Елбасы өткен жылы келген кездесуінде: «Арал қаласына таза су жеткізген кезімдегі халықтың қуанышы әлі есімде» деген еді. Ал су проблемасы бұл өңір үшін өмірдің ең өзекті мәселесі. Қызылордада «Ауызсу мен техникалық суды тазартудың жаңа технологиясы мембраналық қондырғыларды жинау цехы» деген жаңа жоба іске қосылған. Жоба бастамашысы – «Каз Росс Инновация» серіктестігі. Бұл жобаның құны 650,0 млн теңге. Қазірдің өзінде 50 адам жұмыспен қамтылған. Жоба бойынша Жаңақорған ауданындағы 6 округке, Қызылорда қаласындағы Сәбилер үйіне, балалар үйлеріне ауызсу тазарту мембраналық қондырғылары орнатылған. Мұндағы ең басты мәселе – тұрғындардың таза су ішуі. Облыстағы бауыр және бүйрек аурулары негізінен алғанда судың құрамында зиянды заттардың көп болуымен байланысты. Серіктестіктің қондырғылары ірі елді ме­кендерге, сондай-ақ білім және денсаулық мекемелеріне аса қажетті дүние екен.

Біз химиялық реагенттер көлемін ұл­ғайту жобасы бойынша жасалып жатқан игі істердің куәсі болдық. «Хуа Ю Ин­тернационал в Кызылорде» деп аталатын ЖШС-і қолға алған жоба бойынша қолданыстағы химиялық реагенттер өн­дірісі жолға қойылады. Жер астындағы мұнаймен бірге болатын су құрамында көптеген бактериялар бар. Олар суды ластап қана қоймайды, сонымен бірге мұнай құбырларын іштен үңгіп, «жеп» тастайды. Компания өнімдері осы бактериялармен күресуге таптырмайтын құрал екен. 6 түрлі химиялық реагент өндіре алатын компания «ПетроҚазақстанқұмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы және «СНПС Айдан Мұнай» серіктестігімен келісімшарт жа­сасып, биылғы жеті айдың өзінде 1070,1 тонна химиялық реагент өндіріпті. Бұл да бір «бәрекелді!» дейтін шаруа екен.

Ал «Smart Rubber» ЖШС-і ескі ав­токөліктердің дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығарумен айналысып жатыр. Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасы аясында 2014 жылы іске қосылған бұл жоба да назар аударуға тұрарлық. Жылына 270 тонна резеңке ұнтақ шығаратын серіктестік 7500-17500 шаршы метр спорттық және балалар ойын алаңдарына немесе 4 футбол алаңына тиісті төсеме төсей алады. Бір жылда 440 тонна резеңке ұнтағы 1700 шаршы метр­лік ре­зиналық асфальтбетон немесе 2,8 километр автожолға жарайды. 3,9 млн метр жерасты суару түтігін шығарады. Бұл дегеніңіз 180-200 гектар жерді тамшылатып суғару деген сөз. Өндірісте қолданылатын технология Германиядан алынған. Аста­надағы Ақорда маңы осы серіктестік шығарған суғару түтіктері арқылы жап-жасыл болып, жай­қалып тұр. Міне, бұ­рын­ғы еліміздің бір астанасы Қызылорда қаласының өндірістік бұйымдары Тәуелсіз еліміздің басты ор­дасында кәдеге жарап жатыр екен.

Қайда барсақ та, жаңа өндіріс орын­дарында жұмыс істеп жатқан қызылордалық азаматтардың жанарынан отты жалын, тәтті үміт, серпінді сенім бар екенін аңғардық. Істі бастау бар да, оны жалпы халық болып қолдау бар. Осы жағынан алғанда Қызылорда облысының тұрғындары Сыр бойындағы серпіліске күн сайын өздерінің нақты үлесін қосып жатыр.

 
 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз