Әншi Розаны құтқарған барлаушы

97

0

Әншi Розаны құтқарған барлаушыБұл әңгімені ертеректе Қызылту ауылындағы әріптесім Сағидолла Икеновтен естіген едім. КСРО халық әртісі Роза Бағланова, оның ұлы және соғыс ардагері Құсан Мұқановтың Қызылтуда түскен суретінің көшірмесін жасатып алғанмын. Батыр барлаушы мен бұлбұл үнді әншіміздің майдан шебіндегі кездесуі былайша өрбіген екен.
1943 жыл. Ленинград қаласы маңында шайқастың қызу жүріп жатқан кезі. Бұл аса ауыр кезең еді. Соған қарамастан араларында Роза Бағланова бар концерттік бригада Батыс майданды аралап жүрген. Өнер саңлақтары Құсан Мұқанов қызмет ететін 106-шы барлаушылар ротасында да болады. Елді аңсап жүрген жауынгерлер қуанысып, қонақтарды паектарымен сыйлайды. Тез арада автомашинаның қорабы сахнаға айналып, туған ел сазы әулете асқақтап, майдан шебін аралап кеткен. Бір мезетте, ойламаған жерден жан-жақтан оқ жаңбырша жауып, жау пулеметтері дырылдай жөнелді. Дүниенің әп-сәтте астаң-кестеңі шықты.
– Құсан! Розаны құтқар! – деп рота командирі айғай салды.
Құсан анадай жерде басын ұстап, жүресінен отырған Розаға жан-тәнімен ұмтылып, оны көтерген бойда окоптың ішіне күмп берді. Бұл өмір мен өлім арпалысқан қас-қағым сәт еді.
Шайқас тыйылған соң Роза аман қалған әртістерді шақырып, «плансыз» концерт қойып беріпті. Одан кейін әнші Құсанның жанына келіп, алғысын білдіріп, қай жерден екенін сұрастырыпты. «Аман болсақ, сізді міндетті түрде іздеп барамын, аға», – дейді Роза Бағланова.
Соғыстан кейін сол кездесу Қызылтуда екі рет болған. Алматыдан арнайы іздеп келген әйгілі әнші ағасының иығына шапан жауып құрмет көрсеткен. Аудандық партия комитетіндегі кездесуде батыр барлаушының өзге де ерліктері туралы әңгіме айтқан. Бұл туралы Роза апамыз «Қазақстан әйелдері» журналына берген сұхбатында атап өтіпті.
«Қызыл Жұлдыз», «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен екі мәрте «Ерлігі үшін» медалінің иегері Құсан Мұқанов елге жеңіспен оралып, «Жаңалық», «Жамбыл», «Өрнек» колхоздарының басқарма төрағасы болып қызмет атқарды. Марқұмның үрім бұтағы да елге сыйлы жандар.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы. Суретте: әнші Р.Бағланова мен майдангер Қ.Мұқанов. 80-жылдар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз