НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ бағдары айқын

58

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Алдажаров Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша салада атқарылған жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг өткізді.
Биыл «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының жүзеге асырылуына 3,7  млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға 3308 адам қатысады. 
Жаңа бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оған қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету көзделген. Оның ішінде еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, яғни 1515 адамды оқыту жоспарланған. Жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 1315 адам қамтылмақ. Қазір қысқа мерзімдік курстарды ұйымдастыратын оқу орындары мен мамандықтар тізбесі бекітіліп, оқу курстары 10 мамырдан басталды.
Екінші бағыт  бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту межесі тұр. Ол бойынша бағдарламаға қатысушыларды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 937 адам белгіленген.  Ауылдағы және қалалардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау,  487 адамға шағын несие беру үшін 2,2 млрд теңге қаралды. Микрокредиттер ауылдық жерлерге 1,7 млрд. теңге, қалада 210 млн теңге таратылады. Несие алушылар 18,0 млн теңгеге дейінгі қаржыға қол жеткізетін болады.
Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға негізделген. Жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін 1410 адам жастар тәжірибесімен, әлеуметтік жұмыс орындарына жолданады. Осы бағыт бойынша еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру жүзеге асырылмақ. 
Әлеуметтік жұмыс орындарына 490 адам, жастар тәжірибесіне 905 адам, нақты 403 мекеме, кәсіпорындарға 712 адам жолданды. Қоғамдық жұмыстармен 2737 жұмыссыздар қамтылды. Биыл облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөнінде кешенді жоспар қабылданды. Жоспар бойынша бекітілген шараларға 32884 жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар тартылатын болады.
Облыс бойынша жергілікті бюджеттен 51798 аз қамтамасыз етілген азаматтарға 501,2 млн теңгеге әлеуметтік көмектер және балаларға арналған жәрдемақы төленді. Сондай-ақ 413 адамға 5,2 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көмек алушылардың саны 158 адамға азайды.
Тұрғын үй көмегі 7020 отбасына 183 млн теңге төленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрғын үй көмегін алатындардың саны 240 отбасына азайды.  Балалар жәрдемақысы 44365 балаға 312,9 млн теңгеге төленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жәрдемақы алушылардың саны 2679 балаға азайды.
Аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік келісім-шарт негізінде шартты ақшалай көмек (ШАК) көрсетуге бюджеттен 145,3 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 86,3 млн теңге қаралған. 
Есепті кезеңге 2137 адамға (367 отбасы) 47,6 млн теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалып, 1730 адамға 29 млн теңге көмек төленді. Шартты ақшалай көмектің орташа айлық мөлшері 5731 теңгені құрады.
Жоба аясында әлеуметтік келісім-шарт негізінде ШАК алушылардың қатарындағы 432 еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтардың барлығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 226 адам тұрақты жұмысқа, 200 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 5 адам жастар тәжірбиесінен өтеуге, 1 адам әлеуметтік жұмыс орынына жіберілді.
Аймақтағы  мүгедектердің орталықтандырылған деректер қорына сәйкес 28477 мүгедек тіркелген. Әлеуметтік қызметкерлер 836 жалғызбасты қартқа, 1327 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті. Мүгедектерге арналған 3332 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, өткен жылдың есебінен ауыспалы 6773 жеке оңалту бағдарламалары орындалды.
Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 201 мүмкіндігі щектеулі адам, оның ішінде 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 13 мүгедек әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды, 22-сі жастар тәжірибесіне жіберілді, 96 мүгедек қоғамдық жұмыстарға тартылды.  
Брифинг соңында А.Алдажаров журналистердің сұрақтарына жауап берді.
М.МЕРЕЙ.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз