Қоғамдық кеңес Ұлт Көшбасшысының ескерткішін орнату туралы ұсынысты қолдады

34

0

Қоғамдық кеңес Ұлт Көшбасшысының ескерткішін орнату туралы ұсынысты қолдады12 желтоқсанда Қызылордада облыстық мәслихаттың Х кезекті сессиясында Қызылорда облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Самұрат Имандосов аймақ тұрғындарына үндеу жариялады. Имандосовтың айтуы бойынша, Арал аудандық қоғамдық кеңесі аудан аумағына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс енгізді. 
– Шешуші кезеңде Сыр халқына сенім артып, ата қоныста қалуы үшін қиын-қыстау, алмағайып заманға қарамай Алаштың Анасына балап, аяғына тік тұрғызған Елбасының еңбегі қандай да құрметке лайық. Арал теңізі проблемаларын шешудегі ерен ерлігі мен еңбегін ескере отырып, облыстың қоғамдық кеңесі, «Қазақстан-2050» Демократиялық күштері облыстық коалициясы, Қазақстан Халқы облыстық ассамблеясы, азаматтық қоғам институттары бірлесе отырып, Арал қаласында Елбасының еңселі ескерткішін орнату жөніндегі Арал халқының ұсынысын бірауыздан қолдайды,- деді Самұрат Имандосов. 
Сондай-ақ Самұрат Имандосов облыстық қоғамдық кеңес отырысында Елбасы алғашқы құрылысына куә болған Қызылордадағы жаңа мөлтек ауданға «Нұр Орда» атауын беру туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапқандығын жеткізді. 
– Арқа төсінде ажарланған Астанаға қарап бой түзейтін, жаңа кезеңнің, жаңа дәуірдің, жаңа сәулеттің  жасампаз көрінісі болатын жаңа мөлтек ауданға «Нұр-Орда» атауы әбден лайықты деп есептейміз,- деді Самұрат Имандосов. 
Естеріңізге сала  кетейік, Арал аудандық қоғамдық кеңесі аймақ жұртшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарына Арал қаласында Елбасы ескерткішін орнату туралы үндеу жариялаған болатын. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз