«ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ТҰРҒЫСЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ»

56

0

Осы тақырыпта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің ұйымдастыруымен Назарбаев университетінде республи­калық теле­көпір өтті.

Онда қоғамдағы өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу бағытында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың мемлекеттік қызметтегі мәдениетін көтеру, сол арқылы халықаралық ынты­мақ­тастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Телекөпірге аймақтағы жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттері ҚМУ-дың бас ғимаратында онлайн арқылы байланыста болды.

 Телекөпір байланысын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаев жүргізді.

– Мемлекет басшысының тапсыр­масымен, қоғам алдындағы  аса күрделі мәселені шешу мақсатында саяси шаралар белсенді іске асырылып келеді. Атап айтқанда, соңғы үш жылда 60-тан астам заң қабылданып, нәтижесінде, осы кезең аралығында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің көрсеткіші біршама төмендегені байқалады. Бұл орайда тәуелсіз мемлекеттік органдардың Ұлттық бюросының, сондай-ақ, азаматтық қоғамның, бизнес орталығының ықпалы ерекше,-дейді А.Шпекбаев.

Тақырып аясында Назарбаев уни­вер­ситетінің өкілі Адесида Иле­санми, ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты А.Бектұрғанов, «КАЗГЮУ» универ­ситетінің ректоры Т.Нәрікбаев, т.б баян­дама жасап,   жалпы қоғамда азаматтық бел­сенділікті, құқықтық сауаттылықты арт­тырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ЖОО-да заман талабына сай мамандар даярлауға басымдық беріліп, бұл бағытта мемлекеттік гранттар санын көбейту қажеттілігі айтылды. Ұстаздар мен студенттер арасында ашық та жариялы қарым-қатынас орнатып, жаңа бастамалардың қолдау табуына бірлесіп жұмыс жасау қажеттігі сөз болды. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта жүзеге асырылатын «Абыройлы ұстаз», «Ұлы дала  жастары» сияқты бірнеше жобалардың аталған мәселенің түйінін тарқатуға септігі мол болмақ.

Телекөпір байланысы арқылы еліміздің әр өңіріндегі ЖОО студенттері ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Ғазиза ӘБІЛДА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз