Облыс әкімі халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын марапаттады

46

0

Облыс әкімі халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын марапаттадыБүгін Қызылорда
облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Президенттік, халықаралық, республикалық
пәндік олимпиадалардың және ғылыми жоба конкурстарының жүлдегерлерімен
кездесті.

Аймақ басшысы
алдымен өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндап, облыстың білім саласындағы
жетістіктерін айтты. Қырымбек Елеуұлы оқушыларға жылы лебізін жеткізіп, оқу
жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.

– Ел болашағы – жастардың
жан-жақты қабілетті, білімді болып өсуі қоғамның ырысы. Кез келген ел өзінің
келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Қазақ халқының ұлы ханы Абылай
«Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді» деген болатын, қазіргі заман
нағыз білім мен білікті қажет етеді. Ата-бабаларымыз келешегі үшін ақтық демі
қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Бабаларымыздың асыл арманы
ретінде Сіздерді жан-жақты дамыған, заман талабына сай білімді ұрпақ ретінде
мақтан етеміз, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Қазір облыста білім алып,
жақсы маман боламын деген кез-келген жасқа жағдай жасалған. Биылғы жылы
Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдергерлері атанған 37-і
түлек ҰБТ-ден босатылды. Сонымен қатар, соңғы екі жылда 2500-ден астам түлек «Серпін-2050»
бағдарламасы бойынша еліміздің солтүстік өңіріндегі колледждер мен
университеттерде мемлкеттік білім гранты негізінде оқуға қол жеткізді. Сыр
өңірінің 325 түлегі бүгінгі күні Мәскеу мен Санкт-Петербургтің 3 іргелі
университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы жоғарыда атап өткен
үш университетке облысымыздың 2000-нан астам оқушысы емтихан тапсырды. Ал ҰБТ
қорытындысы бойынша биыл орта балл 82,7 пайызды құрап, 2014-2015 оқу жылының
көрсеткішінен 1 пайызға жоғарылады. Ең жоғары 122 балды облыста 4 оқушы жинап,
132 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 33 бітіруші «Үздік аттестатқа» қол жеткізіп,
өз білімдерін дәлелдеді.

Кездесу соңында
облыс әкімі оқушылармен пікірлесіп, сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге,
кездесуге келген 55 оқушы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, естелік
сыйлықтарға ие болды.

Мұнан соң Қырымбек
Елеуұлының ұсынысымен оқушылар облыстық әкімдіктің ғимаратын аралап көріп,
ситуациалық орталық жұмысымен танысты. Аймақтың маңдайалды озат оқушылары облыс
әкімінің жұмыс бөлмесін көруге де мүмкіндік алды.

 

 

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз