Облыстық байқаудан жүлделі оралды

44

0

Облыстық байқаудан жүлделі оралдыҚазалы. Ауданда облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бірлесе ұйымдастыруымен мәдени-демалыс кешен қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, шеберлігін шыңдау мақсатында «Дала дидары» атты жылжымалы мәдени-демалыс кешен қызметкерлерінің облыстық байқауы өткізілді. 
Аталмыш байқауға әрбір ауданнан, Қызылорда қаласынан мәдени-демалыс кешендер қатысып, бақ сынады. Сайысқа Қазалы аудандық мәдениет Орталығы жанындағы Гүлбану Досан жетекшілік жасайтын №1 және Гүлнар Төребекова басқаратын №2 мәдени-демалыс кешендер қатысты. Олар байқаудың «Кім үздік?» кезеңінде кешен маршрутындағы тұрғындардың озық тәжірибесін бейнежазба арқылы кешен қызметкерлерінің қатысуымен өзге елді мекен тұрғындарына жеткізді. «Жүйрік болсаң озып көр» шартына сәйкес көрермен арасында ұлттық ойын түрін ұйымдастырса, «Өнер сайысында» кешен қызметкерлері скетч, терме, ән, би жанрларынан өнер көрсетті. 
Облыстық мәдениет басқармасы бекіткен қазылар алқасының шешімімен Қазалы ауданынан қатысқан №1 мәдени-демалыс кешен жүлделі ІІІ орынға табан тіреді. Бұл кешеннің құрамында Гүлбану Досан, Индира Рсалиева, Жасұлан Шайхысламұлы, Жантұрған Тоқмамбет, Қонысбек Шайыхов өнер көрсетіп, көпшілікті Қазалы өңірінің өнеріне тәнті етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз