Қорқыт Ата кешені түркі халықтарын біріктіретін киелі орынға айналады

46

0

 
Қорқыт Ата кешені түркі халықтарын біріктіретін киелі орынға айналадыСыр бойындағы сәулет өнері ескерткіштерінің әрі киелі орындардың бірі – Қорқыт Ата кешенін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынды, деп мәлімдеді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров «Сыр бойы» газетінің интернет сайты тілшісіне.
«Бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен жылы қаралып, хаттамалық шешім қабылданды. Соған сәйкес, Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің қайта жаңғырту жұмыстары, онда түркі тілдес халықтардың халықаралық іс-шараларын өткізу, кешенді «ЭКСПО-2017» көрмесі мен «ЮНЕСКО-ның» Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енгізу жоспарланып отыр», – деді С.Тойбазаров.
Бүгінде аталмыш басқарма Қорқыт Ата кешенін қайта жаңғыртудың эскиздік жобасын дайындаған. 
Басқарма бастығының айтуынша, облыс әкімі тарапынан кешеннің қорғау аумағын жасап, 850 гектардан асатын қорық құру тапсырылған. Қазіргі таңда Қармақшы ауданы әкімдігі осы шаруаны қолға алып, құжаттарын рәсімдеуде. 
Жобалау барысында кешеннің тарихи құндылығын көтеру мақсатында «Ақсақ қыз» және басқа объектілер қайта жаңғыртудан өткізіліп, сондай-ақ Сырдария өзенінің бойында орналасқан 10-ғасырдағы «Оғыз-Қыпшақ» бейітін қоршап, абаттандыру жұмыстары атқарылады. 
Қайта жаңғырту кезінде жаңадан әкімшілік ғимаратының және тікұшақ қонатын алаңдардың құрылысы жүргізілмек. Құрылыста әрлеу мәтериалдары ретінде гранит, мрамор, ұлутас тастары қолданылады. 
Сонымен қатар, кешеннің жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту, плитка жабындарын төсеу, су қоймасын жасау, инженерлік инфрақұрылым тарту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 
Арқар ескерткішін мрамор тасымен әрлеп, тұғырын жаңадан әзірлеп, екі жағына күн қағар жасау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, төрт бұрышты платформаның биіктігі 4 метрге дейін көтеріліп, орта шенінде орналасқан амфитеатр гранит тасымен әрленіп, кешеннің басты символикалық белгісі – төрт құлақты «Қобыз» стелласы екі есе ұлғайтылып, 16 метрге ұзартылады және оны мрамор тасымен әрлеу қарастырылған.
«Ал төрт метрлік платформаның астыңғы жағының қабырғасына жағалай бауырлас түркі халықтарының атын жазып, қасына туын немесе ұлттық символдарын орналастыруды жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңғыртылған стелланың қабырғасындағы арнайы тақтаға жоба авторы мен оны салдырған тұлғаның аты жөндері жазылатын болады», – деп атап өтті С.Тойбазаров.
Қазіргі таңда кешенді қайта жаңғыртудың жоба-сметалық құжаттамасын дайындауға және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 33,7 млн теңге қаржы қаралып, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан конкурс өткізілген. Жеңімпаз болып жергілікті жобалаушы мекеме «Проект Сервис» ЖШС анықталды.
С.Тойбазаровтың мәліметінше, кешенді жаңғырту жұмыстары 2014 жылдың қыркүйек айында толыққанды аяқталады. 
Естеріңізге сала кетейік, Қорқыт ата ескерткіші – Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен 18 шақырым жерде, Қорқыт бекетінің түбінде орналасқан. Авторлары елімізге белгілі сәулетшілер – Бек Ибраев пен С.Исатаев. 
1980 жылы қылышынан қан тамып тұрған «Қызыл империя» идеологиясы тұсында салынған ескерткіш темір бетоннан жасалған. Биіктігі 8 м, 4 тік стелладан тұрады. Әрбір стелла әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғарғы жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін меңгейді. Түйісер түбінде орта тесігінде 40 металл түтіктер бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Соңғы рет 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр салынды. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз