ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС БАР, НАСИХАТ АЗ

162

0

ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС БАР,  НАСИХАТ АЗЖібек
Әжібаева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда комитеті хатшылығының хатшысы

 
– Ине
шықса да, түйме шықса да, әйтеуір өзіміздің отандық өнім болғанға не
жетсін?!  Әйтсе де, киер киім, ішер ас-суымыз,
күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттардың басым көпшілігі шетелден
әкелінетінін жасырып қайтеміз. Қазақстандық өнімге деген сұраныс жоқ деуге ауыз
бармайды, десек те, олардың дүкен сөрелерінен самсап тұрғанын да көрмейміз.
Неге?

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сауда
комитеті хатшылығы осы мәселені жан-жақты зерттеу мақсатында бірнеше ірі сауда
желісінің иелерімен кездесу өткізген болатын. Олардың айтуынша, дүкен
сөрелеріне отандық тауарлардың аз шығуына бірнеше себеп бар. Біріншіден,
жергілікті тауар өндірушілер нарықты тиісті көлемде қамти алмай отыр. Яғни,
отандық өнімге деген сұраныстың аз болуы тауардың дүкен сөрелеріне жүйелі түрде
жеткізілінбеуі мен логистика мәселесіне тікелей қатысты. Ал ресми статистикаға
сүйенсек, былтырғы жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында отандық нарықтағы
қазақстандық өнімнің үлесі – ет, сүт, ұнды және кондитерлі өнімдер 80 пайыздан
астам, оның ішінде құс еті 45,7 пайыз, шұжық және етті өнімдер 55,9 пайыз, сары
май  60,3 пайыз, сыр мен ірімшік 49,6
пайыз, қант  70 пайыз, шай мен кофе 34,8
пайыз, көкөніс, жеміс-жидек  18 пайыз,
күнделікті тұтыну тауарлары: жуып тазалаушы заттар 6 пайыз, жеке тазалық
заттары 0,7,  тұрмыстық үй
керек-жарақтары 33,9 пайызды құрап отыр. Тағы бір өзекті мәселе – тауардың
сыртқы қаптамасы. Тұтынушылардың назарын аудару, жалпы тауардың өтімділігі
сыртқы қаптамаға көп байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сауда орындары
отандық тауардың сапасы жағынан ғана емес, сыртқы безендірілуі жағынан да
шетелдік өнімдерден кем болмағанын, яғни бәсекеге қабілетті болғанын қалайды.
Тауар қаптамасына мәселен, Ресейде 200 миллиард теңге жұмсалса,
Қазақстанда бұл сома небары – 300 миллион теңге  шамасында, яғни, 86 есе
төмен. Ендігі бір мәселе – жарнаманың жоқтығы немесе әлсіздігі. Отандық
телеарналардан көбіне шетелдік өнімдердің жарнамасын көреміз. Ал тұтынушы үшін
жарнаманың әсері зор екені белгілі. Төртіншіден, арнайы штрих-кодтардың жоқтығы
және тауарды сертификаттау проблемасы да ішкі нарықты өз өнімімізбен
толыққанды  қамтамасыз етуге елеулі
кедергі болып отыр. Сонымен қатар, тауар өндірушілер ірі сауда желілеріне
тікелей тәуелді екенін де ескерген жөн. Ал олардың келісім-шарттары көбіне
екіжақты тиімді бола бермейді. Тауар өндірушілердің айтуынша, сауда желілері
отандық өнімнің бағасын өз қалауынша қымбаттатып сататын көрінеді. Бұдан да
басқа күрмеуі қиын күрделі мәселелер баршылық. Оларды заңдық негізде реттеу
қажет.
– Мемлекет
отандық кәсіпкерлерді қамқорлықтан кенде қылып отырған жоқ. Мысал үшін айтайық,
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған
бірнеше бағдарламасы бар. Бірақ, әлі күнге дейін біз бақша өнімдерінің өзін
шетелден тасимыз. Өзіміздікі бар-жоғы 18 пайызды құрайды екен. Бұл қалай сонда?

– Дұрыс айтасыз, кез-келген қарапайым
тұтынушыда осындай сұрақтың туындауы заңды. Расында, бүгінде мемлекет тарапынан
отандық тауар өндірушілерді қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Қазақстандық
бизнеске қолайлы жағдай туғызу бағытында көптеген мемлекеттік бағдарламалар
жүзеге асып отыр. Әйткенмен, өнімді өндіруден бөлек, оны нарыққа енгізу,
саудалауға қатысты түйінді мәселелер жетерлік. Олардың бірнешеуін жоғарыда атап
өткен болатынмын. Өкінішке қарай, осы мәселе әлі жолға қойылмай келеді. Мысалы,
өзіңіз айтып өткен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазақстандық тауар
өндірушілерді қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып
отыр, сол сияқты Инвестиция және даму министрлігі өндірістік тауар өндірісін
қолдау мәселелерімен айналысуда. Бірақ, сауда саласына қатысты бірде-бір
бағдарлама қарастырылмаған. Бір қызығы, қазақстандық өнімге өзімізден гөрі,
шетелдерде сұраныс жоғары. Мәселен, отандық нарықта импорт көлемінің 75 пайызы
қытайлық тауарларға тиесілі. Біз олардың сапасы мен денсаулыққа әсері жөнінде
жақсы білеміз, бірақ сонда да сатып аламыз. Ал қытайлықтардың өздері ауыл
шаруашылық өнімдерін Қазақстаннан алғанды құп көреді. Біздің тауарлар тек
оңтүстік-шығыс Азияда ғана емес, Еуропада да бәсекеге қабілетті әрі үлкен
сұранысқа ие. Бұл тұрғыда бізбен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі
болып отырған елдер жетерлік. Сондықтан ең әуелі отандастарымызды қазақстандық
өнімді алуға үгіт-насихат жұмыстарын жолға қою керек деп ойлаймын.
–  Насихат кемшіндеу, дұрыс айтасыз. Әйтпесе,
халқымыз «арзанның сорпасы татымайтынын» жақсы білсе керек еді. Рубль
құнсызданғалы арзан, арзан да болса, сапасы күмәнді ресейлік тауар отандық
нарықты жаулап алды. Төл өнімді төрге оздырамыз деп жүргенде бұл жағдай
кәсіпкерлерімізге соққы болып тигені сөзсіз. Мәселе қалай реттелмек?

– Иә, Ресей рублінің арзандауы біздің
нарыққа да өз әсерін тигізіп жатқаны рас. Яғни, көрші ел бізді отандық өнімнен
әлдеқайда арзан тауармен қамтамасыз етіп отыр. Соның салдарынан жергілікті
кәсіпкерлер шығынға батып жатқаны да шындық. Бірақ арзанның сапасы бола
бермейтінін дұрыс айтып өттіңіз. Мәселен, Ресейден әкелінетін құс етіне
салмағын ауырлату үшін су немесе басқа қоспалар егу арқылы қолдан ісіндірілетіні
анықталып отыр. Соның есебінен тауық етінің салмағы бірнеше есе артады. Сәйкесінше
өзіндік құны екі есе арзан болады. Мұны ораманың ішінде қатырылған өнімнен
байқау мүмкін емес. Ал отандық кәсіпкерлер әлгіндей қитұрқылыққа бармайды. Сол
себепті құс өсірушілер өз өнімін қайда өткізерін білмей қиналуда. Құс
өсірушілер одағының мәліметінше, қазір құс фабрикаларының қоймаларында 12 мың
тонна құс еті жиналып қалған. Сол сияқты сүт өнімдерін өндірушілер де осындай
проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Қазір дүкендерден табиғи сүтті табу қиын,
есесіне ресейлік ұнтақ сүт «табиғи сүт» ретінде сатылуда. Бұрын отандық
кәсіпкерлер сүтті литрін 100-120 теңгеден саудаласа, қазір соның жартысына да
өткізе алмайды. Сондықтан кәсіпкерлерімізді мұндай қиын-қыстау тұста
қолдағанымыз жөн деп ойлаймын. Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
кәсіпкерлікті инвестициялық субсидиялау мәселесін ұсынып отыр. Қалыптасқан
жағдайды заңдық тұрғыда реттеуіміз қажет.  

Қазір өзіңізге мәлім, еліміз бойынша «Қазақстанда жасалған» акциясы өтуде. Құр
ұрандаумен шектелмей, науқаншылдыққа ұрындырмай жүзеге асыратын болсақ, тамаша
бастама екені рас. Отандық бизнестің арқасүйері – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
осы бағытта қандай жұмыстар атқаруда?


Биылғы жылдың ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев: «Барлық қазақстандықтарды
Қазақстан өнімдерін алуға шақырамыз. Бұл ел экономикасына үлкен қолдау болады»
– деп орынды бастама көтерген болатын. Осыған орай жүзеге асырылып жатқан
«Қазақстанда жасалған» акциясы науқаншылдық емес, бұл біздің патриоттығымыз
сыналатын бастама деп ойлаймын. Әрбір қазақстандық азамат осыған шама-шарқынша
үлес қосса дейміз. Қазіргідей қысылтаяң тұста өзіміздің тауар өндірушілердің
қордаланған мәселелерін тиімді шешу аса маңызды болып отыр. Осы орайда
Кәсіпкерлер палатасында отандық тауарларды ішкі нарыққа шығару механизмдері
жан-жақты ойластырылып, оны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар құрылған болатын.
Жоспар 3 бағытты қамтиды, біріншіден, сауда желісі, базарлармен, сондай-ақ,
жекелеген сауда нүктелерімен жергілікті өнімді сөрелерге жеткізу мәселесі
жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу. Екінші бағыт – қазақстандық тауар өндірушілердің
ішкі нарықты сапалы әрі алуан түрлі тауармен қамтамасыз етуі жөнінде әріптестік
байланыс орнату. Үшінші бағыт – ішкі нарықты зерттеу, яғни, тұтынушылар
арасында қандай отандық тауардың сұранысқа көбірек ие екенін анықтау. Оған
қоса, жоспарымызда түрлі деңгейдегі дөңгелек үстелдер, билік және бизнес
өкілдеріне арналған басқосулар, оқушылар мен студенттерге  арналған акциялар, байқаулар, тауар
өндірушілердің жәрмеңкелері мен фестивальдерін өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, отандық
тауар өндірушілерді ынталандыру, оларға қолдау білдіру мақсатында «Алтын сапа»,
«Сауда үздігі», «Жыл таңдауы» секілді республикалық байқауларды тұрақты өткізу
жолға қойылған. Айта кету керек, өткен ақпан айында Кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан
Республикасы Инвестиция және даму министрлігі мен «Nadloc» жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамының өкілдері қатысқан
басқосу өткен болатын. Аталған жиында палата ішкі нарықта отандық өнімді өткізу
шығындарының белгілі бір бөлігін өтеу мәселесін қозғап, оның 2 жолын ұсынған
еді. Ол – шығындарды «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде жабу
немесе Үкіметтің «Индустриалды-инновациялық субъектілердің отандық
тауарларды ішкі нарыққа енгізуге жұмсалған шығынының бір бөлігін өтеу ережесін
бекіту жөніндегі» 2012 жылғы 09 шілдедегі №922 қаулысына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу арқылы өтеу. Бұл мәселе артынша Инвестиция және даму
министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен жиында талқыға салынды. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер
палатасында сауда базарлары иелерімен басқосу өтіп, олардан отандық тауарларға
арнайы сауда орындарын қайтарымсыз негізде беруге жазбаша келісім алынды.
Қазіргі уақытта палата «Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдайық! Қазақстанда
жасалған өнімді сатып алайық!» жобасына орай кәсіпқой дизайнерлермен бірлесе
отырып, жобаның логотипін әзірлеу үстінде. Логотип ірі сауда желілерінде,
базарларда, дүкендерде және жарнамалық үгіт парақтарында орналасатын болады.
Қазір бұл бойынша 12 жоба іріктеліп, олар көпшіліктің таңдауына ұсыну үшін
палатаның сайты мен әлеуметтік желілерге орналастырылды. Қазіргі таңда Өңірлік
палаталармен, барлық облыстық және Астана, Алматы қалаларының әкімшіліктерімен
«Қазақстанда жасалған» акциясын іске асыруға қатысты жүйелі жұмыс
жүргізілуде. 

Әңгімеңізге рахмет!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз