Оңтүстік аудандарда 4798 мал шығынға ұшырады

35

0

Оңтүстік аудандарда 4798 мал шығынға ұшырадыҮстіміздегі жылдың 29 мамырынан  30 мамырына қараған түні Шиелі және Жаңақорған аудандарында ауа-райының күрт салқындауы, жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан уақ малдың мол көлемде қырылуына әкеп соқтырды. 
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарыда көрсетілген екі аудан шаруашылықтары оқиға орын алардан бір күн бұрын мал қырқу жұмыстарын жүргізген. Соның әсерінен уақ малдар өлім-жітімге ұшырады. Осыған орай, мекеме қызметкерлерінен шұғыл жасақталған жұмысшы тобы аталған аудандардың ауылдық округтеріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жергілікті мал мамандары тарапынан алдын-ала атқарылуы тиіс жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты.   
Бүгінгі таңдағы мәлімет бойынша Шиелі ауданының 3 ауылдық округтеріндегі мал шаруашылығымен айналысып отырған 13 шаруа қожалықтарынан 1 178 бас уақ мал шығын болып отыр. Ал, Жаңақорған ауданы бойынша 10 ауылдық округтегі және 2 кент орталығындағы жеке тұлғалардың 3 620 бас уақ малы шығын болғандығы анықталды. Екі аудан бойынша барлығы 4 798 бас мал өлім-жітімге ұшыраған.
Осыған орай, қазіргі кезде өлген малдардың санын нақтылау жұмыстары мен тиісті шаралар атқарылуда. Дегенмен, аталған мәселе 2014 жылдың 02 маусымы күні облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, Шиелі және Жаңақорған әкімдіктері мен құзырлы мекемелер басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, құзырлы мекеме мамандарынан жасақталған комиссия құрамымен өлген малдың санын нақтылап, әрбір өлген малдың санын анықтау үшін (сырғаларын жинау) және тиісті актілер жасауды ұйымдастыру, сауда  және  көпшілік тамақтану орындарында өлген мал еттерінің сатылмауын қадағалауды қамтамасыз ету, ветеринариялық зертханалар арқылы өлген малдардың ішкі кұрылыстарының мүшелерінің үлгісін алып зертханалық сынамадан өткізуді ұйымдастыру секілді жұмыстарға мән беріледі. Сондай-ақ,  халық арасында жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін әрбір аудан өз күштерімен немесе аудандағы кәсіпкерлерді демеуші ретінде тарта отырып, өлген малдарды өртеп көму арқылы жою жұмыстарының санитарлық нормаларға сай атқарылуын ұйымдастыру тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз