Оңтүстік Корея визасыз жүрген қазақтарды елден шығарып жатыр

51

0

Оңтүстік Корея еліміздің азаматтары үшін визасыз режимді алып тастауы мүмкін. Өйткені, Сеулде заңсыз жүрген қазақстандық мигранттар көбейіп кеткен. Сондықтан корейдің көші-қон полициясы отандастарымызды қуып, тіпті қамап жатыр. Ал әуежайда тексеріс күшейіп, талап қатайған. Осы кезде құжатынан шикілік шыққандар әуежайдың жертөлесін паналауға мәжбүр.
Оңтүстік Корея қазір еліміздің азаматтары үшін нан табуға таптырмас жер. Сондықтан мұнда жоғары жалақы үшін кәрістерге жалданып жұмыс істейтін қазақтардың саны алты мыңға жеткен. Олар айына 3 мыңнан 6 мың доллар, яғни екі миллион теңгеге дейін айлық алады екен. Енді отандастарымыз мұндай майшелпектен қағылуы мүмкін. Өйткені, қазақтардың Кореяға заңсыз кіру дерегі жиілеген.
Ардақ Мәдиев, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры:
– Кореяда қазақтарға бір ай визасыз жүруге болады. Бірақ, көбі жұмыс істеуге барғандықтан визасыз жүргеніне қарамай ұзаққа қалып қояды. Сондықтан Сеул, Инчхон секілді ірі қалаларда заңсыз жүрген қазақстандық мигранттар көбейіп кетті.
Сол заңсыз мигранттардың кесірінен енді отандастарымызға қырғидай тиіп жатқан кореялық шекарашылар тексерісті күшейтті. Тіпті, жұмыс істеп жүрген жерлестерімізді қудалап, қамап қойған. Мәселен, мына бір топ қазақстандық әуежайдың жертөлесінде жатыр. Көбінің құжаттары дұрыс болса да, көші-қон қызметкерлері сұрақтың астына алған. Ал тағы бірде жекіп жүрген кәріс азаматы ұшақтан жаңа түскен қазақтарды тергеу үшін сол жертөлеге сүйреп апара алмай жүр. Қайта әуежайдан өзге отандасымыз табылып, араша түскен.
Осы секілді дау-дамайдың кесірінен жат елдің полициясы жерлестерімізді қудалап қана қоймай, екінші рет Кореяға кіргізбейді екен. Тіпті визасыз режимді алып тастауы мүмкін.
Ким Дэ Сик, Корея республикасының Қазақстандағы елшісі:
– Қазір қос мемлекет арасындағы визасыз жүру келісіміне қауіп төніп тұр. Негізі бұл құжатқа екі елдің басшылары үлкен еңбекпен қол жеткізген еді. Бірақ, заңсыз еңбек мигранттары Кореяға ағылуын тоқтатар емес.
Ал визасыз тәртіп алынса, еліміздің азаматтары үшін Оңтүстік Кореяға бару қиындай түседі. Сондықтан Сеулде жұмыс істегісі келетін отандастарымыз үмітін үзе берсе болады. Ал емделу немесе демалуды жоспарлаған болсаңыз, аурухана мен қонақ үйден шақырту қағазы болуы керек. Сонда ғана бұл мемлекеттің есігі ашық.
КТК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз