Оңтүстік облыстың халқы 3 миллионға жақындады

41

0

2017 жылғы 1 – маусымға Оңтүстік Қазақстан облысы халқының саны 2 894 816 адам, соның ішінде қалалық жерде 1 317 031, ауылдық жерде 1 577 785 адамды құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны 1 пайызға немесе 28 448 адамға артып отыр. Бұл туралы облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.
–Республика бойынша біздің облыс туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша 1 – орында. Ағымдағы жылдың бес айында облыс туу бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарында көрінді. Оның үлесі 20,2 пайызды немесе  31 409 баланы құрады. 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 1000 қыз балаға 1 076 ұл бала туылды. Бұл жерде ұл балдардың көп туылу тенденциясы сақталуда, –деді Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облыстық Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков.
Халықтың жалпы санының өзгеруі тікелей табиғи өсім, яғни халықтың туылғандар мен өлгендер санының өзгеруі және көші-қон өсімі әсер етеді. Облыста 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 25 234 адамды құраған.
Ал, биылғы бірінші тоқсанда халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 41 069 теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға өскен. Ал нақты ақшалай табыс 6,7 пайызға төмендеген. 2017 жылғы I тоқсанда халықтың ақшалай табыстарының басты көзі – еңбек қызметінен түскен. Осы кезеңде халықтың ақшалай шығыстарының 95,8 пайызы тұтыну шығыстарына – азық түлік және азық түлік емес тауарлары мен ақылы қызметтерге кеткен. 2017 жылғы бірінші тоқсанда облыс бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 95 705 теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 3 пайызға артқан.
Айта кетейік, осы тоқсанда ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында 187 854 теңге болып белгіленді. Ал ең төмен жалақы Төлеби ауданында – 75 824 теңгенің көлемінде болып отыр.

Еркін ҚАЛДАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз