ПАВЛОДАРДАН – ЖҮЛДЕМЕН

63

0

  XIII ұлттық жастар Дельфий ойындарынан жерлестер жүлделі оралды. Павлодарда өткен өнер бәйгесіне 36 жас қатысып, құрама бойынша 6-шы орынға тұрақтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында “Ашық Аза­маттық Қоғам” ақпараттық-ре­сурс­тық орталығы” қоғамдық қорының президенті Әділ Әліқұлов мәлімдеді.

– Бұған дейін өткен облыстық сайысқа 200-ге жуық жас қатысқан еді. Ал республикалық деңгейді қамтыған байқауда 600 өнерпаз бағын сынады. Ойындар фортепиано, скрипка, саксофон, баян, аккордеон, академиялық және дәс­түрлі ән салу, эстрадалық орындау, халық биі, заманауи және клас­сикалық би, бейнелеу өнері секілді номинациялар бойынша жүргізілді. Нәтижесінде №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Еркебұлан Қуандық, шиелілік Ділназ Ташмұхамед  алтыннан алқа тақты. Декоративті-қолданбалы өнерімен Жанна Әбубәкір ерекшеленді. “Домбыра” сайысынан Әнел Қархо­жақова, “Фортепианодан” Нұрсұлтан Амангелдіұлы күміс медаль ие­ленді. Сонымен қатар “ака­де­мия­лық ән салу номинациясы” бойынша екі қатысушыға Қазақстан опера орындаушысы А.Жыл­тыр­көзов­тің арнайы дипломы мен сыйақысы тапсырылды, – деді Ә.Әліқұлов.

Айта кетейік, Дельфий ойындарын өткізудегі басты мақсат – жастарды мәдениет пен өнердің озық үлгісінде тәрбиелеу, шығар­ма­шылық ұжымдардың кәсіби деңгейін арттыру. XX ғасырда жандана бастаған ойын бүгінде әлемнің 100-ге тарта мемлекетінде қолдау тауып отыр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз