Полицей радармен тоқтатса, не білген жөн?

82

0

Полицей радармен тоқтатса, не білген жөн?Жол-патруль полицейлерінің радар қолдану тәсілдеріне қатысты шағымдар әлеуметтік желілерде жиі талқыланады. Мұндай жағдайда жүргізушілердің нені талап етуге хақылары бар?

Биылғы жазда әлеуметтік желілерде ақтаулық жол-патруль полиция қызметкерлерінің бірін-бірі түсірген видеосы жарияланған болатын. Видеода қозғалыс жылдамдығын анықтауға арналған өлшеуіш аспабын (радар) ұстаған патруль жол бойындағы бағанның тасасына тығылып тұрады.

Жалпы қазақстандық кейбір жол-патруль полицейлерінің радармен жол бойындағы тасалау жерде тұрып жүргізушілерді кенеттен тоқтатуы жиі байқалататын көрініс. Егер Алматы қаласына жақын орналасқан ауылдарға жолыңыз түсе қалса, жол бойындағы ағаштың немесе ғимараттың жүргізушіге анық көрінбейтін тұсына жасырынып тұрған жол-патруль полицейін бірден байқайсыз.

Ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха Азаттыққа берген комментариінде «бұлайша тығылып тұрудың заңсыз екенін» хабарлады. Жүргізушілер өздерін жол-патруль полицейі радармен тоқтатқан кезде қандай жайттарды білуі тиіс? Азаттық осы туралы әкімшілік полиция комитеті төрағасының жауаптарына негіздеп шағын анықтама ұсынады.

РАДАР ҰСТАҒАН ПОЛИЦЕЙ ЖАСЫРЫНА АЛМАЙДЫ

2014 жылғы 16 сәуірдегі ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бекітілген «жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың» 17-тармағына сәйкес патруль автомобиль мен жол-патруль полицейлері жүргізушілерге көрініп тұруы тиіс.

Яғни ағаштың, ғимараттың, құрылыс қоршауының, жарнама тақтасының тасасына жасырынып тұрса, полицейдің өзі заң бұзған болады. Сонымен бірге жол-патруль полицейі көлігін тоқтауға немесе қоюға болмайтын жерде қалдыра алмайды.

РАДАР СЕРТИФИКАТЫН ТАЛАП ЕТУІ КЕРЕК

Өздерін жол-патруль полицейі тоқтатқан жағдайда жүргізуші өз жылдамдығын қате өлшеді деп күдіктенсе, радардың метрологиялық тексеруден өткені туралы сертификат талап ете алады. Жол-патруль полициясы қызметкерінің қолында сертификаттың көшірмесі болуы тиіс, онда радардың маркасы, нөмірі және жарамдылық мерзімі көрсетіледі. Метрологиялық тексеруден өтпеген немесе тексеру туралы куәліктің мерзімі өтіп кеткен өлшеуіш құралдарын қолдануға тыйым салынған.

ЖҮРГІЗУШІ АҢДУҒА БӨТЕН КӨЛІК ҚОЛДАНУ ЗАҢСЫЗ

Жол-патруль полицейлері қызмет уақытында «патрульдеу бағытынан» бұрылып, ауыл арасын өз бетінше аралап кете алмайды. Әрбір бекет пен патрульдеу бағытына екі данадан бекет карточкасы жасалып, олардың біреуі саптық бөліністің кезекші бөліміне, екіншісі жол-патруль қызметкеріне беріледі.

Бекет карточкасын қарапайым жүргізушілер жол полициясы қызметкерінен көрсетуді талап ете алмаса да, сол полицей жұмыс істейтін саптық бөлімнен оның өз учаскесінде жүрген-жүрмегенін анықтай алады. Саптық бөлімнің қызметкерлері жол-патруль полицейлерінің нақты белгіленген аумақта жүргенін қадағалап отырады.

Полицейлер қызметтік емес, жай көліктің ішіне радар орнатып, өздері одан алыс тұру арқылы жүргізушілер жылдамдығын жасырын өлшей алмайды. Нұсқаулыққа сәйкес радарды жол-патруль полицейі үнемі қолында ұстап тұруы керек.

 

Дереккөз: Азаттық

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз