ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ: 5 перзент дүниеге келді

78

0

«Тұңғыш президент» күні республиканың түкпір-түкпірінде 868 нәресте дүние есігін ашты. Оның 62-і Сыр өңіріне тиесілі. Ал, Жаңақорған аудандық перзентханада бес нәресте өмірге келді. Мерейлі мереке аясында аудан әкімі Ғалым Әміреев аналарды құттықтау үшін арнайы перзентханаға бас сұқты.
Аудан басшысы осы айтулы күні дүниеге келеген шараналар әрбір отбасын шаттыққа кенелте берсін деген ізгі тілегін жеткізді.
– Бес перзенттің де жағдайы жақсы. Сәтін салса, бір, екі күнде үйлеріне шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Сәулебек Ысқақов.
– Елбасындай азамат болсын деп «Нұрсұлтан» қойса жақсы емес пе?
– Әрине, дұрыс айтасыз. Екі батырымыз Нұрислам, Нұрдәулет атанды. Ал, үшінші ұлға жақындары есім таңдауда.
– Қыздарға қандай есім таңдалыпты?
– Айым мен Баршын деген қазақтың сұлуларының есімі берілді…
Әкім мен дәрігер осылайша әңгіме өрбітті.
Аз ғана кідірген аудан басшысы кент тұрғыны Аида Әбдікаримова мен Ғайни Егенбаеваға, өзгенттік Қаламқас Ақтаеваға, түгіскендік Бейбімариям Абдірамановаға, жайылмалық Ақбота Чаукеноваға ақ тілегін жеткізіп, сый-сияпатын тапсырды.
Осы күні аналардың жеңіл босануына жәрдемдескен гинеколог Руслан Садықов, Сәуле Бектұрғанова, аға акушер Сейдеметова Тұрсынайдың еңбегін атап өткеніміз абзал. Шекесі торсықтай ұл-қыздың болашағы жарқын, өмірлері мәнді болуына біз де тілектестік білдіріп қайттық…
Мақпал МАРҚАБАЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз