Пробация қызметінің маңызы

52

0

Пробация қызметінің маңызыОблыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ғанибек Отарбаевтың БАҚ өкілдеріне арналған брифингі өтті.
Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша хабарлама жасаған департамент бастығы сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізудегі нәтижелерді атап өтті. Сотталған азаматтар мен тергеудегілер мекемеге келген күннен бастап психодиагностикалық кешенді тексеруден өтеді. Қорқыт ата атындағы университеттің психология кафедрасының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізуге жағдай жасалған. Жыл басынан бері сотталғандар арасында 5 рет тренинг өтті.
Сотталғандар арасында діни экстремизм, терроризм және деструктивті діни идеялардың таратылуын болдырмау және рухани демеу беру үшін діни конфессия өкілдері, ҰҚК, ІІД, ішкі саясат басқармасымен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Жоспарлы түрде өткізілген топтық дәрістердің берері мол.
Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық байқау комиссиясы сотталғандарды адамгершілік бағытына тәрбиелеу, бостандыққа шыққан соң әртүрлі жат қылықтардан сақтандыру үшін әртүрлі тақырыптарда дәрістер өткізді.Мекемелерде ұсталатын сотталған азаматтардың да ішкі тәртіп ережесін бұзуы 22 пайызға төмендеді. Қоныс колониясында, қатаң режимдегі түзеу мекемелерінде орта білімі жоқ сотталған азаматтарға арналған жалпы білім беретін мектептер жұмыс жасайды. Өткен оқу жылының ІV тоқсанында жалпы білім алуға 42 адам ниет білдірген.
Қазіргі ізгілендіру бастамасы жаза басып, жаңылған адамдарды дұрыс жолға бағыттауды көздейді. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жаза өтеушілерді шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру қолданылуда. Сотталғандарды түзеудің бұл әдісі нәтижесін беріп отыр.
Қызылордадағы түзету мекемелеріне кәсіпкерлерді көптеп тартудың арқасында еңбекке ұмтылушылар саны күн санап артқан. Мәселен, облыс орталығындағы ЗК-169/4 мекемесіндегі 50-ге жуық сотталушының көбі кірпіш зауытында тер төгіп, күніне 10 мың дана кесек құяды.
Түрме реформасының «Сотталғандарды жұмыспен қамту-2017” екінші форумының мақсаты жұмысқа жарамды сот¬талған азаматтардың 75 пайызын жұмыспен қамту болып отыр. Түзеу мекемелерінің өндірістік аймағынан 10 кәсіпкер өз кәсіптерін ашып, онда 196 сотталған азамат жұмысқа орналастырылды.
Облыстық прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырылған «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 іс-шарасы”, «Сотталғандарды жұмыспен қамту-2017”, «Қайта әлеуметтендіру: «Сен қоғамға керексің” түрме реформалары аясында өңірлік форум өткізілді. Форумға жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлер қатысты. Форум аясында сотталғандардың қолдарынан шыққан өнімдер көрмесі ұсынылды.
Сотталғандарды қайта даярлау мақса¬тында қауіпсіздігі барынша жоғары ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеуші¬лер¬ге техникалық және кәсіптік білім беру жұмыстары жолға қойылған. Қызылорда политехникалық колледжі және Қызылорда құрылыс және бизнес колледжімен келісім-шарт жасалып, 50 жазасын өтеуші «Газбен және электрмен пісіруші”, «Ағаш ұстасы” мамандықтары бойынша білім алуда.
Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – пробациялық бақылау. Облыстық пробация қызметі сотталғандарды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрін атқару, есепте тұрған тұлғалар арасындағы қылмыстардың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу, жазаны өтеуден бас тартқан сотталғандарды іздестіру жұмыстары бойынша ауқымды істер атқаруда.
Пробация қызметтерінің есебінен қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес 1762 сотталған азамат өткен. Жаңадан қабылданған Қылмыстық және Қылмыстық атқару кодекстерінде пробациялық бақылау және бас бостандығынан айыру орындарынан әкімшілік қадағалау белгіленіп, босатылған адмдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету көзделген. Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері жергілікті әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарында талқы¬ланып, сотталғандарға тиісті көмектер көрсетілуде.
М.МЕРЕЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз