Пәтерлерді тонаған ұры ұсталды

44

0

Пәтерлерді тонаған ұры ұсталдыҚызылордалық полицейлер пәтерлерді тонап, тұрғындарға шамамен 12 млн. теңге көлемінде шығын келтірген әккі ұрыны қолға түсірді. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

9 сәуір күні таңғы сағат 07.30 шамасында Жаңақорған ауданының тұрғыны «102» байланыс телефонына хабарласып, үйіне ұры түскенін айтқан. Оқиға орнына Жаңақорған АІІБ-нің жедел тергеу тобы жіберіліп, тәртіп сақшылары ұрының терезе торын белгісіз құралмен кесіп, шамамен 1 миллион теңге көлемінде шығын келтіргенін анықтады.

Оқиға орнын тексеру жұмыстарын жүргізу барысында қылмыс болған үйдің ауласынан анықталған аяқкиім із бойынша, 1981 жылы туған күдікті азаматтың ауласына апарған. Үй-жайға тексеру жұмыстарын жүргізу барысында қылмыс кезінде қолданған құралдары, қылмысқа киген киімдері, ұрланған бірнеше дана зергерлік бұйымдар мен ірі көлемдегі ақша айғақ зат ретінде алынған.

Ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау барысында күдікті азамат 36 пәтерді тонағаны, барлығы 12 млн 200 мың теңге шығын келтіргені анықталды. Күдікті қылмысын толық мойындап отыр. Сөзіне қарағанда, алтын-күміс зергерлік бұйымдарының көп бөлігін ОҚО Түркістан қаласына сатып жіберген.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3- бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз