Раритет

84

0

РаритетТоқырау жылдары еді. Кеңестен қалған техниканың барлығы талан-таражыға түсіп, қаңқасы ғана қалған кез-тін. Қолдағы он шақты қараның да түк бағасы жоқ.
Жеңгелеріміз бір қойды бір қорап сабынға, ағаларымыз екі жартыға айырбастап жіберіп, қарап отыра беретін. Осындай алмағайып заманда жан бағудың өзі қиындап кеткен. Әйтеуір әр тіршіліктің басын шалып, күн көрісін айырып жүрген бір адам. Сондай сәтте көрші Жұманазардың ойына ерекше бір дүние келе қалыпты. Баяғы совхоздың гаражында қаңқасы қаңтарылып тұрған ГАЗ-53 көлігін үйіне сүйретіп әкелді де, оған трактордың моторын салып, жүргізіп алды.
Ауыл біткен Жұманазардың «тыртылдақ көк қасқасын» қызықтайды. Өзі қатты жүрмейді. Онысы түсінікті де. Трактордың моторымен қайдағы қатты жүрген? Бірақ бар ғой, осы көлік ауылдың әжетіне жарады. Егістіктен шөп тасиды. Таудан отын әкеледі. Сырға сексеуілге барады. Елдің көмірін жеткізіп береді. Базарға малын апарады. Әйтеуір тыным таппайтын. Басында ала шаңға қара түтіні араласып тыртылдап кетіп бара жатқаны ерсі көрінгенімен, кейіннен жұрт оған үйреніп алды. Қанша дегенмен қолдан құрастырылған дүние ғой, арасында бұзылып қалатын. Жұмекең қара майға малшынып жүріп әлгіні ертесі қайта жүргізіп алады. Мұны неге еске алып отырмыз? Бұл қажеттіліктен туған дүние еді. Өйткені, осы көлік бір отбасын асырады. Қазір мұндайды көрмейсіз. Есесіне, Қызылордаңызда 1957 жылы шыққан ГАЗ-21 көлігі желмен жарысып жүр.
«Қызылордада бір кәсіпкер жігіт ескі «Волганы» қайта жасатып, жұмысына мініп жүр екен» дегенді естігенде, шыны керек, сенбедік. Өзінің шыққанына 60 жыл болған «Волга» қалайша мініске жарамақ? Адам миына сыймайтындай жағдай ғой. Сонымен іздеп көрдік. Таптық. Қап-қара, жып-жылтыр, тұмсығында елігі ойқастап тұрған белгісі бар ГАЗ-21 көлігі есік пен төрдей боп қақ алдымызда тұрды. Расында, 1957 жылы шыққан екен. Бірақ көлік иесі машинаны өзінің қалауынша өзгерткен. «Волга» көлігінің қаңқасын алып, оның тұмсығын екі шетінен қысқартып, төбесін төмендетіп, артқы жағын да жіптіктей етіп жиған. «Kia» автокөлігінің моторын салған. Сағатына 200 шақырымды ентікпей бағындырады. «Тас жолда кейінгі шыққан «Lexus 570» осы «Волгаға» жете алмапты» деген аңыз жүр ел арасында. «Волга» екенін айқындап тұратын әрбір детальді Санкт-Петербургке тапсырыс беріп жасатқан. Жарық шамдарының бәрі сонда жасалған. Салонына толықтай «Infinity» көлігінің жабдықтарын орнатқан. Соңғы шығып жатқан машиналарда қандай артықшылық бар, соның барлығы «Волгада» тұр. Климат бақылаудан бастап былғары орындыққа дейін қажетіңізге жарайды. Тіпті, түнде артыңыздан келе жатқан көліктің жарығы көзіңізді қарып, мазаңызды алса, бір түймені баса саласыз, үш айна да қараңғыланып, жаныңыз рахат табады. Орындықтарының өзі «ақылды». Жүргізуші орындықтың «миына» өзіне жайлы жағдайды енгізіп қояды. Бір түймені басса болды, орындық ыңғайлы қа¬лыпқа келе қалады. Көлік қозғалтқышы да автоматтандырылған.
Үлкен жолда 100 шақырымға 14 литр бензин «жейді» екен. Қалада бұл шығын 4 литрге артады. Дегенмен, «Волгаға» газ да қойылған. Солайша, жанар-жағармайдан келетін шығын біршама азайтылған. Көлік Қарағандыда тұратын бір өнертапқышқа тапсырыс беріп, құрастырылған. Қаңқасын да сол жақтан сатып алған. Қайта жасап шығуға 1 жылдан аса уақыт кетіпті. Қызылордаға келгеніне бір айдан әлі асқан жоқ. Кәсіпкер Данияр Әбілханов көлікті мақтан үшін емес, өзінің рахаты үшін жасатқанын айтады. Әйтпесе, осы «Волганы» қайта құрастыруға кеткен шығынға су жаңа джип сатып алуға болатындай екен…
 
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»Раритет
Раритет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз