Рақымшылық туралы түсіндірді

32

0

Рақымшылық туралы түсіндірді«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Заңнама және сот – құқықтық реформа» комитетінің мүшесі Балайым Кесебаеваның қатысуымен ҚР Рақымшылық жасау және Пробация туралы Заң нормаларын түсіндіру мақсатында брифинг өтті. 
Партия филиалының баспасөз қызметінен хабарлағандай, брифинге сондай-ақ облыс прокурорының аға көмекшісі Мейрамхан Ибрашов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы Нұрлан Қалиев, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Ғанибек Отарбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Асылхан Абылайханұлы және облыстық ішкі істер департаменті басшылары қатысты. 
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Заңнама және сот – құқықтық реформа» комитетінің мүшесі Балайым Кесебаева Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы бастамашылық еткен заң жобасы негізінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, қарт адамдарды, мүгедектерді, сондай-ақ болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жазадан босатуды көздейтіндігін атап өтті. 
Шара барысында жиылғандар аталмыш заң нормаларын жеке-жеке талдап айтты. Мәселен, сотталғандардың басқа да санаттарына қатысты рақымшылық олардың жасаған әрекетінің жеңіл-ауырлығын ескеріп, шектелген ауқымда және жіктелген түрде, сондай-ақ келтірген шығынды толық өтеген жағдайда қолданылатындығы баса айтылды. Сондай-ақ, заң жобасының аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтындығы да түсіндірілді. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз