Өңірдің өткен тарихын айқындай түсті

64

0

Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетіне «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласы облыстың архивистеріне үлкен серпіліс берді. Президент атап өткендей, 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында әлемнің белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. 
Осы ретте, облыс архивтері де Орынбор, Тәжікстан, Париждің мемлекеттік архивтеріндегі аса құнды тарихи құжаттармен толығып, өңірдің өткен тарихын айқындай түсті. 
Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен Байқоңыр қалалық архиві ашылып, Қазақстан-Ресей Үкіметаралық  комиссиясының 4-ші отырысының нәтижесімен 1000-ға жуық архивтік құжат елге қайтарылды.
Аймақ тарихын келер ұрпаққа аманат етіп қалдырып, мәңгі сақтау мақсатында тікелей облыс басшысының қолдауымен сыйымдылығы 600 мың құжатқа арналған «Архивтер үйі» жаңа ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталмыш нысан биыл пайдалануға беріліп, облыс орталығында орналасқан мемлекеттік архивтердің қарашаңырағына айналмақшы. 
Елбасының биылғы Жолдауына арқау болған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қалыптасуы «Электронды архив» ақпараттық жүйесінің әрі қарай жаңғыруына өз септігін тигізетін болады. Мәселен, қазіргі таңда 10 млн-ға жуық архив құжаттарының парағы цифрлық жүйеге енгізілсе, алдағы уақытта біз электронды нысандағы құжаттарды қабылдау бағытында жұмыс жасайтын боламыз. 
Сонымен бірге, мақалада «100 жаңа есім» жобасына басымдық беріліп, ақылымен, дарынымен, шын мәніндегі еңбектегі қабілетімен заманауи Қазақстанды жасап жатқан тұлғаларды қоғамға танытуды, дәріптеуді міндеттесе, біз де өз тарапымызда өлкенің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтардың жеке тектік құжаттарын мемлекеттік архивтерге қабылдауға жұмыс жасайтын боламыз.      
Мира ҚАЗБЕКОВА, 
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз