Республикалық онлайн семинар-тренинг

78

0

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» тақырыбында республикалық онлайн семинар-тренинг өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді оқытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған шараға 12 облыс пен Астана, Алматы қалаларының тіл басқармаларының мамандары, тілдерді оқыту орталығының оқытушылары мен мекемелердегі мемлекеттік тілге жауапты мамандар қатысты.

Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Сәрсенбайұлының құттықтау сөзімен басталды.

– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз десек, мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Бір тілді үйретпес бұрын оның оқыту тәсілі тиянақталмай оң нәтиже болмайды. Сондықтан да бұған әрбіріміз жауапкершілікпен қарап, салмағын сезіне алуымыз қажет. Осында отырған ғалымдар мен байланысқа шыққан барлық тіл мамандары бұған мүдделі деген ойдамын. Семинар-тренинг жұмысына сәттілік тілеймін. Еркін пікір алмасып, көкейдегі көп сауалдың жауабы табылатын жиын болсын,- деді ол.

Онлайн семинар-тренингті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Тілешов жүргізіп, семинарды «Мемлекеттік тілді үйретудің әдістемелік алғышарттары» тақырыбындағы баяндамасымен ашты.

Мұнан соң ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, Дипломатия институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Айтмұхаметова мемлекеттік қызметшілердің кәсіби коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру тәсілдерін түсіндірді. Ал Назарбаев университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің нұсқаушысы, қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің оқытушысы К.Көпеш қазақ тілін оқытуда мультимедиалық теxнологияны қолданудың тиімділігіне тоқталды.

– Ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалану (қазақ тіліндегі және басқа тілдердегі сайттарды қолдану), аудио-визуалды құралдармен жұмыс (бейнекурс, аудиокурс, караоке сабақтар) жасау, мультимедиалық қызмет түрлерін (интерактивті видео және интерактивті суреттер, плакаттармен жұмыс жасау, www.playposit.com, www.thinglink.com, т.б.) пайдалану, электронды оқу құралдарымен жұмыс, мультимедиалық презентациялардың мүмкіндіктерін қолдану (Power Point және Prezi (қысқа немесе ұзақ мерзімді жобаларды жасауға қолдану) тіл үйренушінің тыңдауына, қабылдап іштей өңдеп тануына, түсінуіне мүмкіндік жасайды. Адам тыңдау арқылы тілді 42, қарым-қатынас арқылы 32, оқу арқылы 15, жазу арқылы 11 пайыз ғана меңгеретін болса, біз мультимедиалық технологияны пайдалану арқылы 100 пайыздық нәтижеге қол жеткіземіз, – деді К.Көпеш.

Семинар барысында PhD докторы, EDTECH халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсембаев оқытушыларға «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдірудің психологиялық аспектілері» тақырыбында тренинг жүргізді. Ол сала мамандарына мемлекеттік тілді оқытуда стандартты оқыту жүйесімен тоқталып қалмай, оқушы психологиясына да мән берілу керектігін айтты.

Онлайн семинар-тренингте жаңа әліпби нұсқасы жайында да сөз болды. Модератор жаңа қазақ әліпбиін түзудің лингвистикалық және әлеуметтік алғышарттарына кеңінен тоқталып, жаңа әліпбидің артықшылықтарын айтты. Болашақта жасалатын жаңа әліпбидің емле-ережесіне қатысты мамандар пікірін тыңдады.

Қызылорда облысы әкімдігінің мәжіліс залында тікелей байланысқа шыққан облыстағы тіл мамандары мемлекеттік тілді жетілдіру, латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиі және оқытудың әдістемелері жайлы мағлұматтар алды.

Сонымен қатар, шараға қатысушылар Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Тілешовке көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Еркін пікір алмасып, ұсыныс, тілектерін де жеткізді.

Ұйымдастырушылар мұндай онлайн семинарлардың алдағы уақыттарда да ұйымдастырылатынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз