РОБОТ ЖАСАУШЫ ЖЕТКІНШЕКТЕР

65

0

Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехника бойынша республикалық чемпионаттың «KazRoboSport-2017» облыстық кезеңі өтті. Шараны қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.
Бұл – әлем чемпионаттары мен олимпиадалар ережелерімен өтетін спорттық жарыс. Бірақ, мұнда адамдардың басқаруындағы роботтар күш сынасады. Мұнда да классикалық спортағы тәрізді командалық рух, жеңіске деген ұмтылыс бар, тұрақты жаттығулар жүргізіледі. 
Чемпионат қатысушылар  спорттың 5 түрінен  сынға түсті. Роботтар өздерінің қабілетін сумо рингінде, кегельрингте, футбол алаңында көрсетті. Кәдімгі футболдан айырмашылығы – алаңның аумағы мен ойыншылар санында ғана. Робофутболда қақпашы-робот пен шабуылдаушы-робот ойнайды. Жарыс қатысушылары роботты жинап қана қоймай, оның «бойына» спортқа деген қабілет те дарытуы керек. Бұл электорника, механика, информатика сияқты нақты ғылымдарды меңгерумен іске асатыны бесенеден белгілі.
Аймақтық кезеңге 30-дай команда қатысты. Жарыс робосумо, кегельринг, сызық бойымен жарыс және биатлоннан өтті. 
– Робототехника – математика, физика, информатика сияқты ғылымдардың қосындысы. Егер аталған пәндерді жеке-жеке оқысаңыз күрделі, ал қосып оқу қызықты. Балалар мен жасөспірімдер өздерінің шығармашылығын дамытуға мүмкіндік алады. Қазір робототехника әлемдегі ең сұранысты мамандықтар қатарына енген. Біздің балаларда инженерлік ойлау жүйесі қалыптасып, болашақта осы мамандыққа құштарлығы артып келеді, – дейді «Қазроботикс» білім беру және спорттық робототехника федерациясының филиал директоры Р. Сариев.
Чемпионат аясында оқытушыларға арналған мастер-кластар өткізілді. Назарбаев мектебінің оқушылары А.Өмірбекова мен Т.Шәріп ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға қолайлы топырақты құнарландыруға арналған өз роботын  таныстырды.  Өнертапқыш шәкірттер физика, математика заңдылықтарына сүйене отырып, күрделі есептеулер нәтижесінде осы роботты құрастырып шығарған. Робот топырақтың қышқылданған және эрозияға ұшыраған бөлігін қайта өңдей алады. Чемпионаттың ең жас қатысушысы Ә.Ахметов 9 жасында робосумодан жарысқа түсті.  
Облыстық кезең қатысушыларына сертификаттар тапсырылып, дипломдармен марапатталды. Енді робот жасаушы жеткіншектер робототехникаға қатысты республикалық сайыстарға қатыса алады.  
М.МЕРЕЙ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз