Әріптестеріме алғысым шексіз

369

0

Әріптестеріме алғысым шексізНаурыз айының шапағаты әрбір жанды  жақсы тілек тілеуге,  ізгілік пен мейірімділік жасауға, кешірім сұрауға, алғыс білдіруге жетелейді.  Ұлыстың ұлы күнінде өзім және отбасымның атынан әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді.
Менің 4 жасар ұлым Сырым ауыр науқасқа ұшырап, «мидың күрделі ісігі» диагнозымен көп қиналды. Кішкентай балапанымның дертіне шипа іздеп, Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» екі мәрте ота жасатып, болмаған соң шетелдік мамандарға жүгінуге тура келді. Германиядағы бір клиникада ота жасау мүмкіндігі бар дегенді естіп, қаражат жинадық. 
Баламның жағдайы күн сайын нашарлап, комаға түсіп кеткенде, үмітіміз үзілуге шақ қалып еді. Дәл сол кезде менің әріптестерім – Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы маған көмек қолын созды. Барлық қызметтестерім, аудандар және Қызылорда қаласы бойынша басқармалар тез арада шешім қабылдап, менің есебіме бір күндік жалақысын аударды. Бұл бастаманы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппарат қызметкерлері және барлық өңірлердегі әріптестер қолдады. Бір күндікпен шектелмей, көлемді қаржы бөлгендер де бар. 
Уақыттың тығыздығына қарай Мәскеудің нейрохирургия бағытындағы орталық клиникасында ота жасатуға шешім қабылдағанбыз. Баламның көрер жарығы бар екен.  Ота сәтті болып, балам жарық дүниеге екінші мәрте келді. Күн сайын жақсарып келе жатқан балам үшін қуанам, сәт сайын біздің отбасымызға жәрдем жасаған жандарға деген алғысым жанымды толқытып жүр.
Өзімнің ғана емес, жұбайымның, Сырымның бауырлары – екі баламның алғысы мен ілтипатын сүйікті басылымымыз – облыстық «Сыр бойы» газеті арқылы жеткізгім келеді. 
Өмірдің тірегі – адамгершілік пен мейірім екен. Көпшіліктің тілегімен біздің басымыздағы бұлт арылып, отбасыма күлкі мен шаттық қайтып оралды. Алланың шапағаты мен адамдардың мейірімі бізді құтқарды. Мың шүкір айтып, мың алғыс жолдаймын!

Нұрлан САСЫҚБАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 
бас маманы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз