Құрылыс комбинаты жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы

49

0

Құрылыс комбинаты жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлыҚызылорда облысында құрылыс қарқын алған.
Бірақ қажетті материалдың басым бөлігі өзге аймақтардан тасымалданады. Осы ретте өңірде үй құрылысы комбинаты ашылмақ. Аймақтағы жаңа нысандардың тез әрі сапалы салынуына серпін беретін жоба «Өнімділік–2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда, деп хабарлайды 24.kz.
Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын алып комбинат құрылыс материалдарын неміс технологиясы бойынша шығарады. Кәсіпорын құрылысына қажетті қаржының 800 миллион теңгесі мемлекет тарапынан төмен пайызбен берілсе, қалғаны кәсіпкердің өз қалтасынан шығуда. Өндіріс ошағына 50 шақты жұмысшы тартылмақ. Жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы комбинат келер жылдың басында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Құрылыс саласының қарқынын арттырумен қатар, сапаға айырықша мән берілмек.
Кәсіпорынның құрылыс жөніндегі директоры Әбдуәли Есенқараев: «Бетон, темір бұйымдарынның сапасын тексеретін зертхана болады. Басқа облыс, аудандарға осы жақтан шыққан өнімді жіберіп тұрамыз», – деді.
Құрыш қолды құрылысшылар да жергілікті тұрғындар арасынан дайындалады. Жұмыссыз жандарды кәсіби бейімдеу мақсатында кәсіпкерлердің өңірлік палатасы дуальды оқыту жүйесін ендірудің жол картасын жүзеге асыруда. Бүгінде «Техмаман» оқыту орталығында 100-ге жуық адам қайта даярлау курсынан өтуде.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Техмаман» оқу орталығының директоры Серік Толыбаев: «Бізде бульдозер, жол құрылыс машиналарын және трактор, автогрейдер, роторлық экскаватор жүргізушісі, слесарь мамандарды айдаймыз. Оқу мерзімі 2 айды құрайды», – дейді.
Құрылыс саласы экономикалық тұрақты өсудің құрамдас бөлшегі, тиімді тетігі саналады. Осы ретте Сыр өңірі алып құрылыс алаңына айналмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз