Құрылысшылар құрметке бөленді

58

0

Құрылысшылар құрметке бөлендіЖұма күні құрылысшылардың кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтілді. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев сала мамандарын құттықтап, үздіктерді марапаттады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. 
– Құрылыс саласы қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық салаларындағы тірліктің де өркен жаяры анық. Сондықтан, құрылысты экономиканың локомотиві деп атау – заңдылық. Аймағымызда құрылыс қарқынды жүруде. Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бой көтеретін күні де алыс емес. Сыр өңірінің ежелгі сақтардың, оғыздардың, қыпшақтардың астанасы болғандығы сол жағалауда салынатын ғимараттарда көрініс беретін болады. Әлбетте, осыншама ауқымды істер, құрметті құрылысшылар, Сіздердің кәсіби біліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің  арқасында ғана жүзеге асады, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.  
Биыл өңірімізде барлығы 88 объектіде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 65-і осы жылы пайдаланылуға беріледі. Білім беру саласында 40 нысан салынуда. Жыл ішінде 32-сі іске қосылады. Олардың 12-і республикалық, 20-сы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша 21, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысы салынуда. Бүған қоса, спорт және туризм, халыққа қызмет көрсету орталығы және мұрағат ғимараттары бой көтеруде.  Жыл басынан «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасы аясында 5210 шаршы метрді құрайтын 86 пәтер пайдаланылуға берілді. Жалпы биыл 837 отбасы баспана тойын тойлайтын болады.
Салтанатты шарада құрылысшылар облыстың «Құрмет грамотасы», облыс әкімінің «Алғыс» хаты, ҚР Өңірлік даму министрлігінің «Алғыс» хаты,  ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» құрмет белгісі, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс» хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шара Қазақстан эстрада жұлдыздарының ән-шашуымен қорытындыланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз