ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН АЙМАҚ

69

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  облыстық мемлекет­тік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда саланың  биылғы жылдың тоғыз айында атқарған жұмыстары мен  алдағы мақсаттары жайында кеңінен  айтылды.

Биыл аймақта 54 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мектеп, балабақша, мәдениет үйі, емхана, инженерлік жүйелер бар. Оның ішінде 23 нысан өткен жылдан қалған болса, 31-нің құрылысы ағымдағы жылы басталған. Қазіргі кезде 19 нысан тапсырылса, жылдың аяғына дейін 7-і пайдалануға берілмек. Ал, қалған 28 нысан  құрылысы келер жылдың еншісінде екен. Жалпы, биылғы жылдың 9 айында басқармаға мемлекеттік және жеке инвестициялар есебінен салынатын нысандарға құрылыс-монтаж  жұмыстарының басталғаны туралы  296 хабарлама түскен. Оның 168-і бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыстар болса, 128-і жеке қаржыға салынатын  нысандар болмақ.

Сонымен бірге, мемлекеттік қолдаумен облыста тұрғын үй құрылысы саласында тұрақты даму көрсеткіш бар. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 543,7 мың шаршы метрге өскен. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Саладағы өсу динамикасы  ағымдағы жылы да жалғасын тауып отыр.  Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 151,5 мың шаршы метр болатын 47 көпқабатты тұрғын үй  құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қызылорда қаласында автобус паркі, газ толтыру компрессорлық  станциясы, Қорқыт ата көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары  мен 28 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген. Бүгінде 2 балабақша, шыны зауыты, мемлекеттік мұрағат нысаны, Титов қыстағынан индустриялық  аймаққа дейінгі темір жол тұйығы, 19 көпқабатты тұрғын үй және Белкөл кентін газдандыру құрылысы жүргізіліп жатыр.   

Брифингте басқарма басшысы  облыста жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы қатаң  бақылауда екенін айтты. Соңғы кезде аймағымыз өзге өңірлерге қарағанда құрылыс қарқыны жағынан алдыңғы орынға шыққан. Бұл тындырымды атқарылған жұмыстың нәтижесі екенін жеткізді.

 

Сара АДАЙБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз