САБАНТУЙ – СЫЙЛАСТЫҚ СЫЙЫ

80

0

САБАНТУЙ – СЫЙЛАСТЫҚ СЫЙЫӨткен жексенбіде қалалық демалыс саябағында таңертеңнен адам көп болды. Қызылордалықтар мен қала қонақтары «Ватан» татар этномәдени орталығы ұйымдастырған сабантуйға жиналды. Атаулы мереке шаһарымызда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрамға айналды.
Дәстүрін бұзбай, 11 жыл қатарынан тойланып келе жатқан мерекеде татар этносының көпжылдық салт-санасы таныстырылып, ұлт достығы әспеттелді. Салтанатты шараны облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова ашып, жиналған қауымды құттықтады. 
– Бүгін ынтымағы жарасқан Сыр елінде 11-ші рет «Сабантуй» мерекесін тойлаудамыз. Халқымыздың бейбітшілік пен достыққа, салт-дәстүрін ұлықтауға шақыратын бұл мейрамның, барлық этностың мерекесі сияқты, біз үшін алатын орны ерекше, – деді.
Татарстан Республикасынан арнайы келген қонақтар Кирам ¬Сатиев жиналғандарға әсем ән арнаса, ал Искандир Биктагиров сырнайын сызылтып, Сыр халқына өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі тамашаланды. Мерекенің көркін кіргізетін татар этносының ұлттық ойындары – татар күресі, арқан тарту, гір көтеру, қол күресі және тағы да басқа көптеген спорттық ойын ойналды. Сабантуйға келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, қызықты мерекелік ойындарға қатысты. Татар әндері, жан жадыратар билері орындалды. Айта кету керек, жеңімпаздар сыйлықсыз қалмады. 
Шынар БЕКБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз