Салық мәдениеті қаншалықты қалыптасқан? (видео)

64

0

Салық мәдениеті қаншалықты қалыптасқан? (видео)Жаңа жыл басталысымен еліміздің бірқатар заңнамалары өзгертілді. Соның ішінде салық жүйесіндегі кей баптар күшейтіліп, уәкілетті органдар асабалар мен өнер адамдарының тіпті, такси жүргізушілерінің тапқан табыстарын есептейтін күн туды. Олар кәсіптерін заңдастырып, табысының белгілі бір мөлшерін мемлекетке беруі шарт. Заңның орындалуын салықшылар биылдан бастап қатаң қадағаламақ. Алайда, бұған келіспейтіндер не уәж айтады. Тартаптарды пікірін тілшілеріміз саралап көрді.

Ғазиздың жолаушылар тасымалдап жүргеніне бір жылға жуықтаған. Жұмысынан шығып қалғандықтан амалсыз осы қызметімен отбасын асырап жүр екен. «Сондықтан бала-шағамның аузынан жырып, салық төлей алмаймын» дейді ол. «Оның үстіне көше жағалап жолаушы іздейміз» деген жігіт ағасы, табыс салығын салмас бұрын, таксистерге жағдай жасалуы керек деп есептейді.

Ғазиз ОМАРОВ, жүргізуші:

– Оған мен қарсымын, ИП аш деген таксистерге. Ол ашсын таксопарк, дәу қылып, соның ішіне кіргізсін бәрін. 2 мың, үш мың таптың таппасаң ол жақ жоқ. Күнде бола бермейді ескі машина бұзылады. Кредитке жаңа машина алуға жағдайымыз келмейді.

Алайда, заңның орындалуын қызылордалық тәртіп сақшылары бастап та кетіпті. Себебі өзге өңірлердегідей емес, мұнда таксилер қарапайым көліктерден мынандай белгілерімен ерекшеленеді. Сондықтан да болар, «Үйімізге жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуді ескерткен арнайы хат келіп жатыр» дейді жүргізушілер.

Жарқынбек РАХЫМОВ, жүргізуші:

– Естіп жатырмыз, мазалап жатқаны бар, камерамен түсіреді үйлеріне хат жібереді, сондай-сондай. Ол бәрі бірден болып кетпейді. Жаймен-жаймен болатын нәрсе, салық төлеу керек болса, бірінші бізге жағдай жасау керек. Сол бір тиіп қашып жүріп әр жерден бір клиент аламыз. Ол қалай болады сонда. Басы жоқ аяғы жоқ біз ип ашамыз деп айта алмаймын.

Такси жүргізушілері түгілі қайыршылар да салық төлемек. Яғни көпшіліктің мазасын алғандарға айыппұл салынады. Тіпті шоу бизнестің қазанында қайнап, тойдың сағасынан су ішіп жүрген өнер адамдарын да табыс салығы айналып өтпеді. Бірақ ол мәдениеттің өркендеуіне балта шабу деп есептейді Нұрлан Еспанов.

Нұрлан ЕСПАНОВ, әнші:

– Өнерге тиісу деген, сөздің шыны керек, мәдениеттің өлгені деген сөз ол. Жалпы, өнердегі азаматтарға тимей-ақ қою керек қой. Себебі оларға жағдай жасалып жатқан жоқ. Бір жерде тіркеліп тұрмағаннан кейін ренжиді ертең салық сұрасаң. Сендер бізге жұмыс тауып беріп жатырсыңдар ма деп. Ал біреуден салық алу үшін сен оған жағдай жасап беруің керек қой. Ол салық алатын жағдайға жеткізіп беруің керек қой. Болмаса бізге той тауып берсін, үлкен үлкен банкеттер тауып берсін. Сол жерде оған біз салық төлейік.

Айлық табыстарын жарияға жар салып, салық төлеуге асабалардың көпшілігі де құлықты емес.

Мәулен ӘМЕТХАНҰЛЫ, асаба:

– Өнер адамдарын салығын төлеу оны бақылау мүмкін емес сияқты. Біріншіден, екіншіден өзіміздің қазақ тарихына үңіле кетсек, артқы жағымызға, кезінде Шал ақын, Жаяу мұса, Ақан сері бар солардың кездерінде де ол кісілер керемет сері болған бүкіл халық білетін болған. бірақ сол кісілерден бастап хандар оларға салық төлетпеген. Салықты тек қана өзінің деңгейінен, бала-шағасынан асқан кезде ғана төлейді.

Ал шоу-айтыста Ақ Қанат, «Әзіл әлемінде» автомат атанып жүрген Қанат Әлжаппаров өзгерістерге оң көзқараста. Тек, ай сайын әр асабаның қалтасын кімнің және қалай есептейтіндігі ол үшін түсініксіз.

Қанат ӘЛЖАППАРОВ, «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының әртісі:

– Мен де той басқаратын адамның бірімін. Егер салық төлесін деп, заңдастырып, шынымен де біздің төлеген салығымыз үкіметке түсетін болса мен қарсы емеспін. Менің төлеген салығым ертең әке-шешеме барады пенсия болып, басқа да әріптестерімізге айлық болып барады. Бірақ енді тойға шықпай қалсақ қалай болады. Ол да… жалпы әр асабаның артында салық қызметкері жүру керек қой.

Ал салық комитетіндегілер айлық табыстың есебін шығаруды әркімнің өз жауапкершілігіне жүктеп отыр. Олардың мәліметінше заң шыққан 20 жылдан аса уақытта елімізде көптеген өнер адамдары мен асабалар, такси жүргізушілері дара кәсіпкер ретінде тіркелген. Дегенмен әлі де болса, жалтаратындардың бар екендігін жасырмады. Ал енді ескертуді құлақ аспағанғандарға қолданылатын шара да қатаң болмақ дейді мамандар.

Жамбыл СҰРАҒАНОВ, ҚР Мемлекеттік істер комитеті Жоба және модернизация басқармасының басшысы:

– Дара кәсіпкердің есеп шотын жабамыз. Мүлігі болса, мүлігін шектейміз. Содан кейін мүлігін, айыппұлды төлемесе, оны аукцион арқылы сатамыз. Салық органдары, жазалау емес біздің міндет, сол себепті визуалды бақылау деген құрал бар бізде. Біз мысалы қалаға шығамыз визуалдық бақылау жасаймыз.

Жалпы өнер адамдары, асабалар, такси жүргізушілері болсын дара кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелуі шарт. Былтырдың өзінде олардың жеке табыс салығынан мемлекетке 40 млрд. теңгеден аса қаржы түскен екен.

Мөлдір Қожахметова

Қызылорда
tv7.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз